Қазақстанда әйелдерге көмек көрсететін 61 дағдарыс орталығы жұмыс істейді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсететін 61 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері оларға 2400-ден астам адам жіберілген. Бұл туралы Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты.

Фото: Алматы әкімдігі

— Олардың 49-да жалпы сыйымдылығы 1200 орыннан асатын уақытша паналау орындары бар. Жыл басынан бері бұл ұйымдарға 2400-ден астам адам жіберілді, — деді Санжар Әділов.

Оның айтуынша, дағдарыс орталықтары азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетеді.

Вице-министр сондай-ақ республика бойынша 158 отбасыны қолдау орталығы жұмыс істеп тұрғанын атап өтті.

— Көптеген әйел үшін дағдарыс орталықтары жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін қауіпсіз орынға айналып отыр. Сондықтан мұндай ұйымдардың орны ерекше, — деді ол.

ІІМ өкілінің сөзінше, министрлік дағдарыс орталықтарымен, білім беру ұйымдарымен, әлеуметтік қорғау мекемелерімен және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз жұмыс жүргізіп келеді.

Айта кетейік, Алматыда тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алатын мекемеаралық жоспар әзірленіп жатыр.