Елдегі автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 185 мың шақырымды құрайды.
— Биыл 11 мың шақырымнан астам жолдарымыз қайта жаңғыртудан, күрделі және орташа жөндеуден өтуде. Жыл соңына дейін жақсы жағдайдағы республикалық маңызы бар автожолдар үлесі 95%-ға, ал жергілікті маңызы бар жолдар үлесі 92%-ға жетеді, — деді Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Биыл жыл соңына дейін «Рахман қайнарлары», «Петропавл — Ресей Федерациясының шекарасы», «Қызылорда — Жезқазған» және «Ақтөбе — Ұлғайсын» жолдары ашылады.
— Автомобиль жолдарының жай-күйіне жеке тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы жол сапасын бірнеше рет орынды сынға алды. Президенттің тапсырмасы бойынша еліміздегі барлық автомобиль жолдарына жауапты орган ретінде Көлік министрлігі айқындалды. Жол құрылысының стандарттарын арттыру және осы саладағы барлық қатысушылардың жолдың сапасымен байланысты жауапкершілігін күшейту мақсатында менің төрағалығыммен автомобиль жолдары саласын реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды, — деп толықтырды Н. Нәлібаев.
Оның айтуынша, жол саласындағы озық халықаралық тәжірибені зерделеп, жолдардың сапасын жақсартуға бағытталған нақты шешімдер әзірлеп, кемшіліктерді жоюға бағытталған, оның ішінде заңнамалық шараларды қамтитын тиісті іс-қимыл жоспары бекітілмек.
Сонымен бірге, теміржол саласында терминалдық инфрақұрылым дамып келеді. Елімізде 46 логистикалық орталық жұмыс істейді. 2030 жылға дейін тағы 21 орталық салынады.
Серіктес елдердің аумағында да сыртқы терминалдар желісі дамытылуда. Бүгінде 3 терминал жұмыс істейді, тағы 7 жоба іске асырылады.
Елдегі теміржол вокзалдары инфрақұрылымын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасы басталды. Желтоқсанда 121 вокзалдағы жұмыстар аяқталып, ел игілдігіне пайдалануға берілді.
Бұған дейін Нұрлыбек Нәлібаев «Ауқымды құрылыс» қаражатының нақты қай салаларға бөлінетінін айтып берді.
Еуразияның көлік-логистика хабы атану үшін жүк тасымалдаушыларға жағдай жасалады.