Оның айтуынша, Қазақстанда діни насихат жүргізудің заңмен белгіленген тәртібі бар.
— Мемлекетіміздің заңнамасында «діни басқарма» деген түсінік жоқ. Біздің мемлекетімізде барлық діндердің мәртебесі бірдей. Ол мұсылман діні болсын, христиан діні болсын, жергілікті жерлерде діни істер басқармасы немесе Дін істері комитеті арқылы бұл мәселе үйлестіріліп отырады. Яғни, қазіргі тілмен айтқанда, оның ұсынымдық сипаты бар. Бірақ насихат айту үшін рұқсат болуы керек, — деді Нұрлан Байжігітұлы.
Имамның сөзінше, миссионерлік қызмет заңда белгіленген тәртіппен тіркелуі тиіс.
— Қазақстан Республикасының дін мәселесін реттейтін заңнамасының 8-бабының 2-тармағында бұл мәселе нақты айтылған. Жергілікті діни істер басқармасына немесе Дін істері комитетіне тиісті құжаттарды өткізу арқылы адам миссионер ретінде тіркеледі. Бұл ислам дініне де, басқа діндерге де қатысты. Осы арқылы біз оның санын және қызметінің сапасын бақылауға мүмкіндік аламыз, — деді ол.
Сонымен қатар Нұрлан Байжігітұлы мешіттегі уағыз бен әлеуметтік желідегі діни контенттің аудиториясы бірдей емес екенін атап өтті.
— Мешіттегі діни уағыздар заң бойынша мешіттің, яғни ғибадат үйінің ішінде айтылады. Әлеуметтік желіде дау-дамайдың туындауына себеп болған нәрсенің бірі — мешіттегі уағыздардың әлеуметтік желілерге шығарылуы. Мешіттегі уағызды тыңдайтын адамның деңгейі мен әлеуметтік желідегі қарапайым мұсылманның қабылдау деңгейі екі бөлек, — деді имам.
Ол діни тақырыптарды түсіндіру кезінде аудиторияның білім деңгейі мен қабылдау ерекшелігін ескеру қажеттігін айтты.
— Мысалы, хадистерде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Миғражға көтерілгені айтылады. Оның ішінде қазіргі тілмен айтқанда, мистикалық сипаттағы көптеген мәселелер бар. Біздің халықтың иман дәрежесі оған жетпегендіктен, кейбір дүниелерді қабылдай алмауы мүмкін. Мысалы, «ағаш сөйледі», «микрофон сөйледі», «орындық орнынан көтерілді» десеңіз, көп адам оны күлкіге айналдыруы мүмкін, — деді Нұрлан Байжігітұлы.
Оның пікірінше, діни уағыздарды әлеуметтік желіге шығарғанда осы ерекшеліктерді ескеру маңызды.
— Қазір әлеуметтік желіде осындай дүниелердің күлкіге айналуы мәселесі бар. «Балықтар сөйледі», «балықтар аузына теңге алып шықты», «ай бөлінді», «күн бөлінді» деген сияқты мәселелер өте көп айтылады. Діни адамдардың мешіттегі уағызы мен әлеуметтік желідегі уағыздың тыңдармандары екі бөлек деңгейде, — деді ол.
Имам жастарға діни түсінік беруде де тіл мен мазмұнды аудиторияның жасына қарай бейімдеу қажет екенін айтты.
— Әлеуметтік желіге шыққанда мен осыны бірінші түсіндім. Кішкентай балаға мешіттегі академиялық араб тіліндегі уағыздың қаншалық қажеті бар? Баланы одан әрі адастырмай, өз тіліне деген мейірімі мен махаббаты, сауаты мен білімі қалыптассын деп, сөздердің бәрін қысқартып, баланың деңгейіне түсіріп айттым, — деді Нұрлан Байжігітұлы
Оның айтуынша, діни уағыздарда өлім мен ақырет тақырыптарына ғана басымдық бермей, адамның күнделікті өміріне қатысты мәселелерді де қамту қажет. Кейбір адамдарды үнемі тозақпен, өліммен қорқытуға үйретіп қойған. Ал оларға өмір туралы айтсаңыз, оны қабылдау қиын болуы мүмкін. «Бүгін-ертең өлесің ғой» деген түсінікке қалыптасып қалған адам өмірдің басқа қырлары туралы айтылған сөзді қабылдай алмауы ықтимал. Сондықтан мешіттегі уағыздар әлеуметтік желіге шығып кеткен кезде оны тыңдап отырған адамдардың арасында түсінбеушілік пайда болды.
Нұрлан Байжігітұлы дінде әр қауымға оның деңгейіне сай сөз айтуға мән берілетінін атап өтті.
— Дінде маңыздылық деген ұғым бар. Қай қауымға қандай сөз айту керек екенін білу маңызды. Мұны дінімізде даналық деп айтады. Халқымызда «дана» деп кімді айтады? Керек адамға керекті сөзді айтқан адамды айтады. Яғни адамның деңгейін түсініп, соған сәйкес жауап бере алсаңыз, сізді дана деп атайды. Бұл жерде білімге ғана емес, даналыққа да қарайды, — деді имам.
Нұрлан Байжігітұлы діни уағыздарды ретке келтіру бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
— Сондықтан бұл уағыздар, әлбетте, реттелуі керек. Бұны мемлекетіміз қолға алды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан тиісті нұсқаулықтар беріліп жатыр. Имамдардың уағыздары біршама ретке түсті. Бірақ оның ішінде жеке-дара мәселелер де бар, — деп түйіндеді имам.
Еске сала кетейік, Түркістан облысында той үстінде діни уағыз айтқан тұрғынның ісі сотқа жолданды.