49 факт: елімізде «көңіл көтеретін газ» контрабандасы әшкереленді

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі есірткі қылмысына қарсы күресті жалғастырады. Бұл туралы Polisia.kz жазды.

Фото: Polisia.kz

— Биыл 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-бабына сәйкес күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Мұндай заттардың тізбесіне жастар арасында «көңіл көтеретін газ» ретінде белгілі азот оксиді де енгізілген. ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті тыйым салынған заттарды тарату фактілерін анықтау және жолын кесу бойынша түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарында тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Жыл басынан бері республика бойынша 49 факт тіркеліп, 1,5 мыңнан астам баллон мен екі автоцистерна тәркіленді. Көрші мемлекеттен «көңіл көтеретін газды» жеткізу арнасы жойылды. Осы фактілердің барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін сот үкімі де заңды күшіне енді, оның шешімі бойынша кінәлі адам сегіз жылға бас бостандығынан айырылды. ІІМ барлық азаматтарды, әсіресе түнгі ойын-сауық орындарының иелері мен әкімшілерін азот оксидін таратуға жол бермеуге шақырады. Тыйым салынған заттарды тасымалдауға, сақтауға және өткізуге қатысы бар барлық адамдар жауапкершілікке тартылады. Заң бұзушыларға қатысты жазаның бұлтартпастығы қағидатын әрдайым есте сақтаған жөн, — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

Еске сала кетейік, бұған дейін ІІМ 12 тонна жанармайды заңсыз әкетпек болғандардың жолын кесті.