Оның айтуынша, оқу ақысының өсуіне байланысты уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қосымша шараларды пысықтап жатыр.
– Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында педагогтердің еңбекақысын төлеуге, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге және қажетті жабдықтарды сатып алуға қаражат қарастырылған. Сондықтан жекеменшік мектептермен бірлесіп, оқу ақысының қымбаттауына қаншалықты негіз бар екенін жан-жақты зерделеуіміз қажет, – деді Жайық Шарабасов.
Вице-министрдің сөзінше, еліміздің мемлекеттік білім беру жүйесінде оқушыларды мектеп орындарымен қамтамасыз етуге жеткілікті мүмкіндік бар.
– Соңғы екі жылда елімізде 217 мектеп салынды. Олардың көпшілігінде бос орындар жеткілікті. Сондықтан сыныптардың шамадан тыс толып кету қаупі жоқ, – деді ол.
Айта кетейік, биыл 22 жекеменшік мектеп лицензиясынан айырылды.
Сонымен қатар жекеменшік мектептер санының қарқынды өсуі бірқатар жүйелі кемшіліктің бар екенін көрсетті.