«Әйеліне қол жұмсайтын ер адамдардың 80 пайызы мас болып шығады. Және олардың көбінің тұрақты жұмысы жоқ. Өкінішке қарай, оның арты ажырасуға алып келеді. Өткен жылғы статистикаға сәйкес, ажырасқандар небары 1-4 жыл ғана отбасы болып өмір сүрген. Былтыр елімізде осындай 14 700 жағдай тіркелді. Ал 2 300 жұп бір жылға да жетпей ажырасып кеткен. Осы орайда біздің министрлік әлеуметтік-отбасылық мәселені оңалту мақсатында мемлекеттік саясатты түбегейлі өзгерту мәселесін ашық қарастырып жатыр», - деді А. Милюк ІІМ-де онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
ІММ өкілінің мәлімдеуінше, ажырасумен іс бітпейді, оның арты баланың әке-шешесіз өсуіне, алименттің төленбеуі мен басқа да мәселелерге әкеледі.
«Біздің пайымдауымызша, ерлі-зайыптыларға арналған психологиялық, сауықтыру және құқықтық қолдау көрсететін кешенді жаңа жоспар әзірлеу керек. Сонымен қатар, қазіргі уақытта депутаттық корпуспен бірлесіп, зардап шегушілерден бөлек, зорлық-зомбылық көрсетушілерге де арналған сауықтыру бағдарламасын енгізу мәселесі қаралып жатыр. Және бұл бастама отбасы институты рөлін арттыра түсу туралы заңнама аясында жүзеге асырылады», - дейді ол.
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары бүгінде ел бойынша қиын жағдайға тап болған 3 мыңнан астам әйелдің дағдарыс орталықтарына жіберілгенін айтты.