«Мемлекет басшысының Жарлығымен Жаслан Хасенұлы Мәдиев Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына тағайындалды», - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Жаслан Мәдиев 1983 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Колумбия университетін, Массачусетс технологиялық институтын тәмамдаған.
Еңбек жолын 2004 жылы «Альянс Банк» АҚ Халықаралық қатынастар департаментінің Халықаралық қаржы институттарымен жұмыс басқармасының маманы болып бастаған.
2007-2008 жылдары — «Қазына» тұрақты даму қоры» АҚ корпоративтік қаржыландыру департаментінің бас менеджері.
2008 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық талдау және зерттеулер орталығында, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-да жұмыс істеді.
2009-2010 жылдары — «KAZYNA CAPITAL MANAGEMENT» АҚ басқарма төрағасының орынбасары.
2010-2014 жылдары — «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарушы директоры-мүшесі, басқарма төрағасының орынбасары.
2014-2015 жылдары ҚР Ұлттық банкінің құрылымында басшылық лауазымдарды атқарды.
2017-2018 жылдары — «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президентінің міндетін атқарушы, қаржы жөніндегі вице-президенті.
2018 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ қаржы жөніндегі басқарма төрағасы болып тағайындалды.
2019-2020 жылдары — Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі.
2020 жылғы қазаннан бастап 2022 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
10 мамырда жаңадан құрылған Алатау қаласының әкім қызметіне Аркен Өтенов тағайындалды.
Аркен Өтенов 1983 жылы 15 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті және Карнеги Меллон университетінде (Болашақ бағдарламасының түлегі, 2010 жыл) білім алған.
Халықаралық қатынастар маманы, экономист және мемлекеттік саясат саласындағы ғылым магистрі, Президенттің жас таланттар пулының мүшесі.
Аркен Өтенов еліміздің банк секторында, сондай-ақ мемлекеттік органдарда түрлі лауазымдарда, соның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде, Сыртқы істер министрлігінде жұмыс атқарған.
Жұма күні қандасымыз Мұқият Жармұқаметұлы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Тянь-Шань порталының хабарлауынша, 8 мамыр күні Үрімжіде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының XIV Халық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің X мәжілісі өткен. Дауыс беруден кейін Мұқият Жармұқаметұлын Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің төрағасының орынбасары лауазымына тағайындау туралы шешім қабылданды. Артынша конституциялық ант қабылдау рәсімі өтті.
Айта кетейік, Мұқият Жармұқаметұлы 1967 жылы ҚХР Алтай аймағының Жеменей ауданында туған. Орталық партия мектебінде оқыған. Осыған дейін ШҰАА Халық өкілдері жиналысы тұрақты комитет басшысының орынбасары және ШҰАА кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Бүкілқытайлық кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ 10 мамыр күні Ақмола облысы табиғи ресурстар және табиғаты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы тағайындалды.
Жаңадан тағайындалған басқарма басшысы Джанет Қанатұлы 1987 жылы Ақмола облысы Біржан сал ауданында туған, білімі жоғары, Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Франция Республикасының Лотарингия университетін, Л. Б. Гончаров атындағы Қазақ автомобиль-жол институтын бітірген. ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі.
Еңбек жолын 2012 жылы Астана қаласының «ҚазҚСҒЗЖИ» РМК маманы болып бастаған.
Тағайындалғанға дейін Астана қаласы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.
11 мамырда Мемлекет басшысының өкімімен Константин Вадимович Канцеров Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі бастығының орынбасары лауазымына тағайындалды.