Қазақстандық командалар дрон-футболдан халықаралық турнирдің үздік ондығына енді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық командалар 15-17 шілде аралығында Корея Республикасында өткен FIDA Intercontinental Cup 2026 халықаралық турнирінде жоғары нәтиже көрсетті. Жарысқа әлемнің 20-дан астам елінен 60-тан астам команда қатысты.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстан атынан турнирге алты команда қатысты: Class 20 және Class 40 санаттарындағы ұлттық құрамалар, сондай-ақ Class 20 санатындағы төрт клубтық команда.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстанның Class 40 санатындағы ұлттық құрамасы 6-орынға, ал Class 20 санатындағы ұлттық құрамасы 7-орынға ие болды. Сонымен қатар Class 20 санатындағы қазақстандық клубтық командалардың бірі 60-тан астам команда арасындағы жалпы рейтингте үздік ондыққа енді.

Жоғары деңгейдегі өнері, спорттық шеберлігі және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін қазақстандық барлық командалар International Excellence Award халықаралық сыйлығымен марапатталды.

Дрон-футбол соңғы бірнеше жылда Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Бүгінде қазақстандық командалар халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, елімізде жоғары технологиялық спорт түрін дамыту, спортшыларды даярлау және жастардың инженерлік әрі цифрлық технологияларға қызығушылығын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетуде.

FIDA Intercontinental Cup 2026 турнирінің нәтижелері қазақстандық командалардың дайындық деңгейінің жоғары екенін және елімізде дрон-футболдың тұрақты дамып келе жатқанын көрсетті. Ұлттық құрамалар мен клубтық командалардың халықаралық жарыстағы жоғары нәтижелері Қазақстанның технологиялық спорт түрлері бойынша халықаралық деңгейдегі әлеуетінің артып келе жатқанын айғақтайды.

Айта кетелік Қазақстан құрамасы алғаш рет физика олимпиадасында бес алтын жеңіп алған еді.