АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандықтар Асылжан Арыстанбекова мен Іңкәр Дүйсебай жұптық сында Анталия (Түркия) ITF W15 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Жарыстың 4-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық жұп ширек финалда мажарстандық Мелинда Биро мен аустриялық Клаудиа Гаспаровичпен шеберлік байқасты.
Асылжан мен Іңкәр қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, 6:1, 6:0 есебімен ойсырата жеңді.
Енді қазақстандық теннисшілер финалға шығу үшін осы доданың 1-ракеткалары, жапониялықтар Нанари Катсуми мен Ринко Мацуда жұбымен таласады.
Айта кетейік, Асылжан Арыстанбекова жекелей сында 1/16 финалда дәл осы Н.Катсумиге жол берді – 4:6, 3:6.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Түркиядағы турнирдің ширек финалына шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Аружан Сағындықова Үндістандағы турнирде бір күнде екі ойынды жеңіспен түйіндеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).