Қазақстан футбол федерациясының мәліметінше, бүгін, 26 қарашада Данияр Сахи бастаған қазақстандық төрешілер бригадасы УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңі аясындағы литвалық «Кауно Жальгирис» пен латвиялық «Рига» командалары арасындағы матчқа төрелік етеді.
Ойын Каунас қаласында жергілікті уақыт бойынша сағат 19:45–те (Астана уақытымен 22:45) басталады. Данияр Сахиге қапталда Сергей Васютин мен Самат Тергеусізов көмектеседі. Қосалқы төреші міндетін Георгий Чеховский атқарса, VAR жүйесіне Айдын Тасыбаев жауап береді.
Бұдан бөлек, қазақстандықтар Татьяна Сорокопудова мен Наргис Магау 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының алғашқы іріктеу кезеңінде (А7 тобы) төреші болады.
Жарыс 28 қараша мен 4 желтоқсан аралығында Хорватияның Загреб және Карловац қалаларында өтеді. Оған Хорватия, Франция, Бельгия және Исландия құрамалары қатысады.
Қазақстандық төрешілер турнирдің үш матчында қызмет атқарады. Татьяна Сорокопудова бас және қосалқы төреші міндеттерін атқарса, Наргис Магау төрешінің көмекшісі болады.
Айта кетейік, бұған дейін, 23 қарашада қазақстандық мамандар футзалдан УЕФА турнирінде де қызмет атқарды. Төрешілер Төрехан Тұрсымбаев пен Нұрлыбек Қалимаханбетов Берн қаласында өткен футзалдан Чемпиондар лигасының 1/8 финалындағы швейцариялық «Минерва» мен беларусьтік «Столица» командалары арасындағы матчтың төрешілер бригадасына енді. Тұрсымбаев үшінші төреші, ал Қалимаханбетов хронометрист міндетін атқарды.
Еске салайық, бұған дейін қазақстандық төрешілер УЕФА халықаралық матчтарына төрелік ететінін хабарлағанбыз.