Қазақстандық Юсуф Мациев Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды

Фото: Спортты дамыту дирекциясы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық балуан Юсуф Мациев Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді. 97 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Юсуф Мациев финалда ирандық Мохаммадхади Саравиден жеңілді. Ирандық балуан 9:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жетті.

Осылайша, Мациев ересектер арасындағы Азия біріншілігінде алғаш рет жүлдеге ілігіп отыр. 

Бүгін сонымен қатар тағы төрт балуанымыз сынға түскен болатын. Өкінішке қарай екі балуанымыз жартылай финалға дейін жеткенімен жолдары болмады. Қола медаль үшін таласта қарсыластарына жол беріп, сарықұрлық додасын жүлдесіз аяқтады.

72 келі салмақта қола жүлдеге күрескен Әділхан Сатаев қытайлық балуанға есе жіберсе, 63 келідегі Ғалым Қабдунасаров та қола медаль үшін тартыста ұтылып қалды.

Сонымен грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы Азия біріншілігін 1 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен аяқтады.

Нақтылап айтсақ, 63 келі салмақта ел намысын қорғаған отандасымыз финалда жапониялық Аята Сузукиді жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінсе, 87 келі салмақта сынға түскен балуанымыз Нұрсұлтан Тұрсынов ел қоржынына күміс жүлде сыйлады.

Ал тағы бір жүлдені 77 келі салмақ дәрежесінде белдескен спортшымыз Ибрагим Магомадов жеңіп алды. Ол қола медаль үшін белдесуде Иран балуанын жарыс жолынан тайдырды.