Қазақстандық жас теннисші Татьяна Николенко Анталия (Түркия) ITF турнирінің ширек финалына жолдама алды, деп хабарлайды Kazinform.
WTA рейтингісіне әзірге ене қоймаған 19 жастағы Т.Николенко алғашқы айналымда әлемнің 1175-ракеткасы, түркиялық Дога Түркменді 6:1, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
Татьяна екінші айналымда әлемнің 577-інші, осы жарыстың 2-ракеткасы, жапониялық Маюка Айкавамен шеберлік байқасып, азулы қарсыласынан 6:1, 4:6, 7:6 (9:7) есебімен басым түсті.
Осылайша, күтпеген жеңіске қол жеткізген Татьяна Николенко жартылай финалға шығу үшін әлемнің 805-інші, доданың 6-ракеткасы, швециялық Лиза Заармен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы жарысты сәтті өткізіп жатырғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық 10 теннисші әлемдегі ТОП-100-дің қатарына кірді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).