Жібек Құламбаева Үндістандағы жарысты сәтті өткізіп жатыр
Қазақстандық Жібек Құламбаева жекелей және жұптық сында да Бангалор (Үндістан) ITF турнирін сәтті өткізіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
Әлемнің 493-інші, осы жарыстың 5-ракеткасы Жібек Құламбаева жекелей сында екінші айналымда үндістандық Пуужи Ингалені 6:1, 6:3 есебімен тізе бүктірді.
Қазақстандық теннисші жартылай финалға шығу үшін әлемнің 342-інші, доданың 3-ракеткасы, тағы бір үндістандық Рутужа Босейлмен таласады.
Жібек жұптық сында да табысты өнер көрсетуде. Ол Рутужа Босейлмен бірге ширек финалда жергілікті теннисшілер Пуужа Ингале – Сандипти Раоны 6:2, 6:0 есебімен ойсырата ұтты. Сөйтіп, жартылай финалға өтті.
Ж.Құламбаева – Р.Босейлдің келесі қарсыластары кейін анықталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Үндістандағы турнирдің келесі айналымына өткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ теннисші Денис Евсеев Испаниядағы турнирдің ширек финалына шықты.