АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисшілер Александр Недовесов пен Андрей Голубев Базель (Швейцария) ATP 500 турнирінің финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық жұп жартылай финалда хорватиялық Иван Додиг – америкалық Остин Крайчекпен шеберлік байқасты.
Бірінші партия барысында брейк жасаған хорватиялық-америкалық жұп таразы басын өздеріне аудара білді – 6:3.
Осы жағдай екінші сетте де қайталанды – 6:4.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта А.Недовесов пен А.Голубев 3 эйспен ғана көзге түсті. Қарсыластары 5 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды.
И.Додиг пен О.Крайчек финалда франциялықтар Николя Маю – Эдуар Роже-Вассленмен бас жүлдені сарапқа салады.
Жалпы, бұл дода А.Голубев пен А.Недовесов үшін табысты болды деуге болады. Олар өз спорттық жолында жұптық сында алғаш рет ATP 500 турнирінің жартылай финалына дейін жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Швейцариядағы турнирдің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Бублик Швейцарияда әлемнің тоғызыншы ракеткасына жол берді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).