АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық Ева Корышева Испанияда атақты теннисші Хуан Карлос Ферреро академиясында 14 жасқа дейінгілер арасында өткен үшінші санаттағы Tennis Europe турнирінің абсолютті чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, айтулы додаға АҚШ, Аустралия, Румыния, Италия, Германия, Аргентина, Бельгия сынды елдерден мықты ойыншылар қатысып, бақ сынады.
Ақтөбе теннис мектебінің түлегі, 13 жасар Е.Корышева жекелей және жұптық сында үздік шықты.
Ева жекелей сында финалда осы жарыстың бірінші ракеткасы, мажарстандық Грета Немчекті 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Жұптық сында тағы бір қазақстандық Томирис Нұржанмен бірге соңғы бәсекеде Г.Немчек – румыниялық Анастасия Предадан айласын асырды – 6:2, 6:2.
Биылғы жыл Ева Корышева үшін табысты болды. Tennis Europe сериясымен өткен 4 турнирде жеңімпаз атанса, соның үшеуі жекелей сын еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның қазақстандықтардың қолдауын сезінетіні туралы айтқанын жазған болатынбыз.
Елена Рыбакина сондай-ақ әлемнің «Жыл ойыншысы» атағына үміткер атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).