Қазақстандықтардың қолдауын үнемі сезініп келемін: Елена Рыбакинамен сұхбат
-2022 жыл аяқталып келеді, бұл жыл өзің үшін табысты болды ғой, Елена, солай ма?
- Иә, тұтастай алғандай, сәтті болды. Әсіресе, Уимблдондағы жеңісім талайлар армандайтын титул екендігі анық. Командалық жарысты алсақ, біздің ұлттық құрама алғаш рет әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңінде өнер көрсетті. Бұл – біз үшін үлкен тәжірибе, келесіде бұдан да табысты ойнаймыз деп үміттенемін.
-Биыл Уимблдонда жеңіске жеттің. «Үлкен дулыға» турниріндегі жеңістен кейін өміріңде не өзгеріс болды?
- Елдің назарына ілігіп, міндет пен жауапкершілік жүгі ауырлай түсті. Әрине, бұл жеңістің тың серпіліс бергені анық. Дегенмен түбегейлі өзгеріс болды деп айта алмаймын.
-Елена, өткен жылы Токио Олимпиадасында сәтті ойнап, жартылай финалға дейін жеттің. Сен үшін «Үлкен дулыға» жарысындағы жеңіс пе, әлде Олимпиада ойындарының «алтыны» маңызды ма?
- Бұл күрделі сұрақ екен. Сөз жоқ, Олимпиадада да, «Үлкен дулыға» додасында да жеңіске жеткім келеді. Олимпиада ойындарынан кейін барлық қазақстандық жанкүйерлердің орасан зор қолдауын сезіндім. Уимблдоннан кейін де солай болды. Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде көптеген тілектер жазылды. Бұл маған күш береді, қай турнир болмасын жеңіске жеткім келеді (күлді).
-Ұлыбритания ашық чемпионатынан кейін мол табыс таптың. Осыған байланысты қарыз сұрап немесе көмек көрсетуді өтінген адамдар көбейді ме?
- Иә, жәрдем сұрайтындар бар, мүмкіндігіме қарай қолұшын беруге тырысамын.
-Қазақстан намысын абыроймен қорғап келесің. Жанкүйерлерің үшін қызық қой – қазақ тілінде үш сөз айтшы?
- Сәлем, рахмет және алға!
-Әйелдер арасындағы жарыстарда әлемнің маңдайалды теннисшілерімен сынға түстің. Біразын жеңдің. Егер жігіттермен ойнауға мүмкіндік болса, кімді таңдар едің?
- Маған Роджер Федерердің ойыны ұнайды. Онымен кортқа шыққым келеді. Өкінішке қарай, ол кәсіби мансабын аяқтады. Мүмкін, алдағы уақытта кездесіп, шеберлік байқасып қалармын.
-Уимблдонда ерлер арасында Новак Джокович жеңіске жетті. Ол – «Үлкен дулыға» турнирлерін 21 рет ұтқан ойыншы. Осындай атақты теннисшімен қатар алғашқы титулға ие болу сен үшін қаншалықты маңызды?
- Иә, әлемдегі ең байырғы да беделді жарыста Новакпен бірге жеңіс тұғырында тұру – мен үшін үлкен құрмет. Марапат тапсырылған салтанатты рәсімде онымен қатар тұрып, аздап әңгімелесудің сәті түсті. Толқыдым әрі ерекше қуаныш құшағында болдым.
-Кәсіби ойыншы болғандықтан, үнемі жол үстінде жүресің, сондықтан Қазақстанға келуің де сирек. Бос уақыт болып, елге келгенде, қай қалада боласың, қай жерлер көбірек ұнайды?
- Астанада жиірек боламын. Алматыға да жол түсіп жүр. Астаналықтар өкпелемес, әзірге Алматы ұнайды (күлді).
-Сұхбат соңында өз жанкүйерлеріңе не айтар едің?
- Жеңіс кезінде ғана емес, ұтылып қалған сәтте де мені қолдайтындардың бәріне риясыз алғыс айтқым келеді. Мен әрқашан сіздердің қолдауларыңызды сезінемін. Бұдан былай да солай болады деп үміттенемін. Келесі жылы кездескенше! Алға, Қазақстан!
-Әңгімеңе рахмет, Елена! Алдағы жылы да осындайжетістіктер тілеймін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның – бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина алғаш рет Уимблдон турнирінің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Рыбакинаны бұл жеңісімен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады. «Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина ең беделді Уимблдон турнирінде тарихи жеңіске жетті. Спортшымызды шын жүректен құттықтаймын!» - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-дегі парақшасында.
Кейін Рыбакина Словения турнирінде өнер көрсетіп, финалда жеңіліп қалды.
Қараша айының басында өткен теннистен командалық әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы Ұлыбританиямен кездесті, Матчта Юлия Путинцева Қазақстанды алға шығарды. Кейін Қазақстан әйелдер құрамасы Ұлыбританияны жеңгенін жазған едік.
Аталған әлем чемпионаты аясында, сондай-ақ Қазақстан Испаниямен ойнады. Юлия Путинцева мен Нурия Парризас Диас арасындағы ойында испаниялық теннисші мықты болды. Екінші бәсекеде Қазақстан мен Испанияның бірінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Паула Бадоса шеберлік байқасты. Тартысты ойын екі сағаттан астам уақытқа созылды. Өкінішке қарай, бес мәрте әлем чемпионы Испания құрамасы 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, ҚР құрамасы әлем чемпионатынан шығып қалды.
Шотландияның Глазго қаласында командалық әлем чемпионатына қатысқан Қазақстан әйелдер құрамасымен атақты теннисші Билли Джин Кинг кездескенін хабарлаған болатынбыз. 2020 жылдың күзінде халықаралық теннис федерациясы әйелдер арасында командалық әлем чемпионатының атауын өзгерту туралы шешім қабылдағаны белгілі. Федерация кубогі Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) негізін қалаушылардың бірі Билли Джин Кинг кубогі болып аталды. «Үлкен дулыға» турнирлерін 39 рет (12-сі – жекелей, 16-сы – жұптық сында, 11-і – миксте) ұтқан теннисші Қазақстан ұлттық құрамасы мүшелерімен арнайы жолықты.
Қазақстан құрамасының капитаны Ярослава Шведова Кингтің сауалдарына жауап берді. Атақты теннисші осы спорт түрінің дамуы, әсіресе, әйелдер мен жеткіншек қыздар арасында қандай деңгейде екендігі туралы сұрады. Ярослава біздің елдегі теннистің қазіргі жай-күйі, болашағы жөнінде әңгімелеп берді.
Кейін ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский командалық әлем чемпионаты – Билли Джин Кинг кубогінің финалдық кезеңіндегі ұлттық құрама өнеріне пікір білдірген еді. Ю.Польский 2023 жылғы әлем чемпионатында Елена Рыбакина Польша құрамасының мүшесі И.Швентекті жеңетініне сенім білдірді.
Елена Рыбакина 1999 жылы 17 маусымда Мәскеу қаласында дүниеге келген. 2018 жылғы маусымнан бері Қазақстан намысын қорғайды. Үш рет жекелей сында WTA турнирінің чемпионы атанды.
2021 жылы Токио олимпиадасының жартылай финалына дейін жетіп, тартысты матчта швейцариялық Белинда Бенчичке есе жіберді. Қола жүлде үшін бәсекеде украиналық Элина Свитолинадан ұтылып қалды.