АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандықтар Заңғар Нұрланұлы мен Жақас Қозыбақ жұптық сында Иран астанасы Тегеранда 18 жасқа дейінгілер арасында ITF Juniors J100 TEHRAN сериясы бойынша өтіп жатқан екінші турнирдің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, З.Нұрланұлы үндістандық Криш Тиаджимен бірге соңғы бәсекеде Ж.Қозыбақ – ресейлік Дмитрий Буртцевпен бас жүлдені сарапқа салады.
Қай жеңгені чемпион атанады.
Жекелей сында Заңғар мен Жақас ширек финалға дейін жетіп, тартысты матчта қарсыластарына жол берді.
Жекелей сында Даниал Рахматуллаев (284 ITF Juniors) табысты өнер көрсетуде. Ол ширек финалда үндістандық Хитеш Чуханды бет қаратпай ұтты – 6:1, 6:0. Ақтау теннис мектебінің түлегі финалға шығу үшін тағы бір үндістандық Дебасис Сахуумен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Уимблдонда Елена Рыбакинаның екінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Германиядағы жарыстың жартылай финалына шықты.
Ал Александр Бублик алғаш рет Уимблдонның төртінші айналымына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).