Тиісті бұйрыққа Ішкі істер министрі 2026 жылғы 30 қазанда қол қойды.
Құжатқа сәйкес, бұл мемлекеттік қызмет Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға көрсетіледі.
Құжаттарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы немесе eGov.kz порталы арқылы рәсімдеуге болады. Қызмет көрсету мерзімі — 20 жұмыс күні. Ол үшін 1 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік баж төленеді.
Өзгерістердің бірі құжаттарды қабылдау тәртібіне қатысты.
— Қызмет алушыға анықталған кемшіліктерді түзету үшін 15 жұмыс күні беріледі. Бұл мерзім мемлекеттік қызмет көрсету мерзіміне кірмейді және одан аспауы тиіс, — делінген құжатта.
Егер өтініш беруші көрсетілген мерзімде ескертулерді түзетсе, өтініш қабылданған күн ретінде алғашқы жүгінген күні есептеледі. Ал белгіленген мерзімде кемшіліктер жойылмаса, құжаттарды қабылдаудан бас тартылады.
Өтінішті қарау кезінде көші-қон қызметі Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Әділет министрлігі, Қаржы министрлігі және Қорғаныс министрлігі сияқты уәкілетті мемлекеттік органдарға келісу үшін сұрау жібереді. Келісу рәсімі 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Оң шешім қабылданғаннан кейін өтініш беруші бір жұмыс күні ішінде жеке куәлігін, тұруға ықтиярхатын немесе азаматтығы жоқ адамның куәлігін тапсыру үшін Мемлекеттік корпорацияға жүгінуі қажет. Осыдан кейін ол тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылады және шетелге тұрақты тұруға кету құжаттарын рәсімдеу туралы шешім беріледі.
Егер өтініш eGov.kz порталы арқылы берілсе, қызмет нәтижесі басшының электрондық цифрлық қолтаңбасымен расталған электрондық құжат түрінде жеке кабинетке жіберіледі.
Мемлекеттік қызметті көрсетуден, атап айтқанда, салық берешегі болған, сот алдындағы міндеттемелер орындалмаған, азамат мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген, қылмыстық қудалауға алынған немесе көрінеу жалған мәліметтер ұсынған жағдайда бас тартылуы мүмкін.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) рәсімдеу кезінде олардың Қазақстанда заңды түрде жүргенін тексеруді ұсынған болатын.