Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қатысуы елдің сыртқы саясатына сай— Айгүл Құспан

Фото: Дияр Бексұлтанов

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан Jibek Joly телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында Қазақстанның АҚШ президенті Дональд Трамп бастамашы болған Бейбітшілік кеңесі құрамына кіруіне қатысты пікір білдірді.

— Ең алдымен, бұл кеңес біздің сыртқы саясаттағы логикамызға сәйкес келеді. Біздің сыртқы саясатымыздың логикасы — бітімгершілік, көпжақты ынтымақтастық және халықаралық сенім. Қазақстан жауапты, сенімді және бейбітшіл серіктес ретінде қабылданады. Сондықтан еліміздің кеңес құрамына қосылуға шақырылуы әбден орынды, — деді депутат.

Сонымен қатар, Айгүл Құспан Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қатысуы елге халықаралық маңызды мәселелерде, соның ішінде Газа қақтығысын реттеу мәселесінде өз позициясын тиімді көрсетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Еске салайық, биыл қаңтарда АҚШ Президенті Дональд Трамп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Газа бойынша құрылатын Бейбітшілік кеңесінің құрамына кіруге ресми шақырып, ал Қазақстанға құрылтайшы мемлекеттердің бірі болуды ұсынды.

Kazinform аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге бұл жаңа ұйым әлемдік тәртіпке қалай ықпал ететінін бағамдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Давоста АҚШ Президенті Дональд Трамптың бастамасымен құрылған Бейбітшілік кеңесінің Жарғысына қол қойды.

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Джули Стаффт Астанадағы АҚШ Елшілігінде өткен ресми баспасөз мәслихатында Қазақстанның Газа секторын қалпына келтіру мәселелерімен айналысатын Бейбітшілік кеңесіндегі маңызды рөлін атап өтті.