Kazinform агенттігінің Бельгиядағы меншікті тілшісінің хабарлауынша, жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты Қазақстанның Брюссельдегі елшілігіне шетелдік дипломаттар мен жергілікті БАҚ өкілдері келді.
Алғашқылардың бірі болып НАТО жанындағы Әзербайжанның тұрақты өкілі көңіл айтты. Ол көңіл айту кітабына жазба қалдырды.
Бельгияның Brussels Korner басылымының өкілі Қадыр Дуран да көңіл айтып, қолдау білдірді. Ол қазақстандық әскери қызметшілердің қазасына қабырғасы қайысып, осы күні Қазақстан елшілігіне келуді жөн санағанын атап өтті.
Kazinform агенттігінің Қытайдағы меншікті тілшісі хабарлағандай, Бейжіңдегі Қазақстан елшілігінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу үшін Қазақстанның Мемлекеттік туы төмен түсірілді.
Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.
Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.
Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.
Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.
Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.
Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.
Бүгін Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу операциясына жүздеген адам жұмылдырылғаны хабарланды.
Сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар күдікке ілінгені туралы жазған едік.
Айта кетелік Каспийдегі төтенше жағдайдан кейін құтқарылған әскери қызметші есін жиған еді.
Бүгін Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшінің денесі табылып, іздестіру операциясы аяқталған еді.
Сонымен қатыр Каспийдегі әскери қызметшілердің қазасына байланысты қылмыстық іс екі бап бойынша тергеліп жатыр.
Қызметке салғырт қарау және корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен ҚР Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталғаны белгілі болды.