— Биыл өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың нәтижесінде 17 300 жұмыс орнын құру жоспарланған. Бүгінде 84 жоба іске қосылып, 5 800 жұмыс орны ашылды, — деді министр Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, автоматтандыру, цифрлық жобалау, роботтандыру, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік бағыттарындағы мамандарға сұраныс артып келеді.
Министр жаңа өндірістерді қажетті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін жобаны іске асыру кезінде ғана емес, оны жоспарлау кезеңінен бастап қарастыру маңызды екенін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс салаларында 75 жаңа мамандық анықталғаны хабарланған. Оның 47-сі тау-кен металлургиясына, 11-і машина жасауға, 17-сі құрылыс саласына қатысты.
Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс салаларына қазірдің өзінде 36,7 мың кадр қажет.