Қазақстанның заманауи технологиялар саласында болашағы зор — шетелдік режиссер

АСТАНА. KAZINFORM — Astana AI Film Festival өзін дамытуға талпынған адамдар үшін үлкен мүмкіндікке жол ашты. Бұл туралы AAIFF-2026 халықаралық байқауында лауреат атанған Эрнест Десумбила айтты.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

— Режиссерлікпен біраздан бері айналысып жүрмін. Бұған дейін көркем фильм түсірдім. Енді жасанды интеллектімен жұмыс істеп жатырмын. Дайындаған туындымды осы байқауға арнайы алып келдім. Осындай байқау ұйымдастырылып жатқанын жұбайым айтты. Алайда өтініш қабылдау мерзімінің аяқталуына небәрі 10 күн ғана қалған екен. Сондықтан үлгеру үшін 10 күн ішінде фестивальге арнайы фильм дайындадым, — деді Spain AI Platform компаниясының арт-директоры Эрнест Десумбила Jibek Joly телеарнасына берген сұхбатында.

Осы орайда ол Астанада өткен бұл ауқымды іс-шараның нәтижесіне өте риза болғанын айтты. 

— Астанаға келген сәттен бастап ерекше әсер алдым. Бұл қала маған қатты ұнады. Ең бастысы, бұл саладағы басқа да өнерлі адамдармен аралысып, Қазақстандағы адамдардың қонақжайлығын сезіндім. Астананың біраз маңызды жерлерін аралауға жағдай жасалды. Мәселен, Еуропа қалаларының жүздеген жылдық тарихы бар екенін ескерсек, Қазақстанның небәрі аз уақыт ішінде осындай еңселі әрі заманауи қала салғаны таңғалдырды. Бұл елдің болашағы зор, — деді режиссер.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Astana AI Film Festival халықаралық кинофестивалін ашқан еді.

Байқауға әлемнің 125 елінен 8 067 өтініш түсіп, ол жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдер арасындағы ең ірі халықаралық байқаулардың біріне айналды. 

Жасанды интеллект көмегімен түсірілген фильмдер фестивалі 1-3 қазан аралығында өтті. 3 қазанда марапаттау рәсімі өтіп, әлемнің әр түкпірінен келген авторлар мен режиссерлер арасындағы халықаралық байқаудың жеңімпаздары анықталды.