Қазақстанның жас теннисшілері Қырғызстандағы турнирде үздік шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық жас теннисшілер Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында жасөспірімдер арасында өткен ITF Juniors J60 турнирінде табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ktf.kz

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, жұптық сында Іңкәр Дүйсебай мен Дамир Қалдыбеков үздік шығып, чемпион атанды.

Іңкәр ресейлік Екатерина Ходжаевамен бірге финалда қазақстандықтар Әдемі Аманкелді - Сати Әубәкірованы ұтты - 6:2, 7:5.

Дамир ресейлік Макар Кривочехоапен бірге соңғы бәсекеде өзбекстандықтар Ильос Аброров - Бекзод Нематовты қапы қалдырды - 6:3, 3:6, 10:6.

Жекелей сында Жақас Қозыбақ финалға дейін жетіп, жарыстың үшінші ракеткасы, үндістандық Райан Кутхратқа жол берді - 5:7, 1:6.

Қыздар арасында Анастасия Крымкова титул үшін матчта Е.Ходжаевадан ұтылды - 1:6, 4:6.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның ресми түрде әлемнің үшінші ракеткасы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик әлемдік рейтингіде үздік елулікке қайта кірді.

Теннисші Бейбіт Жұқаев Пуэрто-Рикодағы турнирді жеңіспен бастады.