Қазақтың ұлттық киімі қандай сыр шертеді — Астанадағы көрмеге шолу

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақтың ұлттық киімі тек сән үшін тігілмеген. Оның әр бөлшегінен халқымыздың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін, қыз балаға деген құрметін аңғаруға болады. Бүгінде көне киімдердің бір бөлігі музейлерде сақталса, енді бірі шеберлердің қолымен қайта жаңғыртылып жатыр. Астанада ашылған «Ең әдемі киім — ұлттық киім» көрмесінде XIX ғасырдан жеткен жәдігерлер мен тарихи үлгіде тігілген жаңа туындылар көпшілікке ұсынылды. Kazinform тілшісі көрмені аралап, олардың ерекшелігімен танысты.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Көрмедегі бұйымдардың 30 пайызы — көне жәдігерлер

Республика күніне орай Қазақстан Республикасы Президенттік орталығында ашылған көрме «Тәуелсіздіктің мәдени коды» жобасы аясында өтіп жатыр. Оны Президенттік орталық пен «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Көрмеге этнодизайнер, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, ЮНЕСКО сапа белгісінің иегері Тілек Сұлтанның жеке коллекциясындағы көне киімдер мен өзі жаңғыртқан ұлттық бұйымдар қойылған.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Мұнда қазақтың дәстүрлі бас киімдерін, кимешектерін, шекпендерін, ішіктерін, кестелі етіктері мен зергерлік бұйымдарын көруге болады. Олардың арасында ғасырдан астам уақыт бұрын тігілген киімдер де бар.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Тілек Сұлтанның айтуынша, көрмедегі бұйымдардың 30 пайызы — оның жеке коллекциясындағы көне киімдер. Қалған 70 пайызы — тарихи үлгілер негізінде жаңадан жасалған туындылар.

— Коллекциямдағы ең көне бұйымдардың бірі — XIX ғасырдан жеткен жарғақ шалбар. Сондай-ақ XX ғасырда киілген шекпендер, қыстық ішіктер, тұмақтар мен кестелі етіктер бар. Қалғандары — бұрынғы ұлттық киімдердің үлгісімен жаңғыртып жасалған туындылар, яғни киімдер жаңадан тігілгенімен, олардың негізінде көне үлгілер жатыр, — дейді этнодизайнер.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Шебер ұлттық киімдерді жаңғыртпас бұрын олардың тарихын зерттейді. Музейлерде сақталған жәдігерлерді, ескі фотосуреттерді қарап, өзі жинаған көне бұйымдарды үлгі етеді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Киім үлгілерін музейлердегі түпнұсқалардан, тарихи суреттерден және өз коллекциямдағы бұйымдардан аламын. Барлығын жалғыз өзім тігемін десем, дұрыс болмайды. Қасымда тігіншілер жұмыс істейді. Бірақ әр бұйымның идеясын, бағытын өзім анықтаймын. Ал біз кестелерін өз қолыммен тігемін, — деді Тілек Сұлтан.

Бір сәукеленің бөлшектерін жинауға он жыл кеткен

Көрмедегі ерекше бұйымдардың бірі — Жетісу өңірінің дәстүрлі үлгісімен жасалған сәукеле. Оны әзірлеу үшін Тілек Сұлтан шамамен он жыл бойы қажетті бөлшектерін жинаған.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Бұл сәукелені Жетісу үлгісінде жасадым. Оның бөлшектерін жинауға он жылдай уақыт кетті. Бұрыннан осындай сәукеле жасауды ойлап, қажетті дүниелерді жинастырып жүрдім. Биыл бәрі ретіне келіп, сәукелені аяқтап, көрмеге алып келдім. Желегі, құлақбауы және басқа да бөлшектері толық жасалды, — дейді ол.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Қазақ халқы сәукелені қалыңдықтың ең бағалы бас киімдерінің бірі санаған. Оны жасауға ерекше мән беріп, түрлі әшекеймен безендірген. Сәукеле қыз баланың тұрмысқа шығуына байланысты киілетін бас киім ғана емес, халқымыздың қолөнер шеберлігін де танытады.

Ұлттық киім қазақ әйелінің қоғамдағы орнын қалай көрсетеді?

Көрмеде қыздар мен әйелдердің киімдеріне басымдық берілген. Ұйымдастырушылар мұны қазақ қоғамындағы әйелдің орны мен ұлттық киімнің мәнін таныстыру мақсатымен байланыстырады.

«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры Шәкен Тұрар бүгінде ұлттық нақыштағы киімдер кеңінен таралғанымен, олардың тарихи үлгілері мен ерекшеліктерін көпшілік біле бермейтінін айтады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Қазір ұлттық киім тігетіндер көп. Бірақ қазақтың бұрынғы киім үлгілерін бәріміз бірдей біле бермейміз. Оларды көбіне музейлерден көреміз. Ал музейге бармайтын адамдар да бар. Сондықтан осы көрме арқылы халқымыздың ұлттық мұрасын көпшілікке таныстырғымыз келді, — деді ол.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Оның сөзінше, қазақтың ұлттық киімдері мен зергерлік бұйымдары қыз баланың қоғамдағы орнын да аңғартады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

— Біздің мақсатымыз — ұлттық киім мен зергерлік бұйымдар арқылы қазақ қызының, қазақ әйелінің қоғамдағы орнын көрсету. Қазақ халқы бар әдемісін, бар байлығын қыз баласына арнаған. Бір ғана сәукеле арқылы қыз баланың қаншалықты қадірлі болғанын аңғаруға болады, — дейді Шәкен Тұрар.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ұйымдастырушы ұлттық әшекейлердің өзіндік мәні мен тағылу тәртібіне де тоқталды. Айтуынша, қазір кейбір бұйымдардың тарихи ерекшелігі ескерілмей, өзге халықтардың әшекейлерімен шатастырылып жүр.

— Мысалы, шекеліктің қандай әшекей екенін, оның қай жерге тағылатынын білу маңызды. Қазір кейде өзге халықтардың әшекейлерін қазақтың ұлттық бұйымы ретінде көрсетіп жатады. Сондықтан біз әр оюдың, әр әшекейдің ерекшелігін дұрыс түсіндіргіміз келеді, — деді ол.

Төрт жылда төрт көрме

Бұл — Тілек Сұлтанның Қазақстандағы төртінші көрмесі. Бұған дейін оның «Келін-кемешек» көрмесі 2024 жылы Астанадағы Ұлттық музейде өткен. Кейін Солтүстік Қазақстанда және Жезқазғанда ұйымдастырылған.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Шәкен Тұрардың айтуынша, шебердің туындыларын еліміздің әр өңіріне таныстыру туралы ой төрт жыл бұрын туған.

— Мен музей саласында 25 жыл жұмыс істедім, этнографпын. Тілек Сұлтанмен төрт жыл бұрын танысқан кезде оның жеке көрмесін бүкіл Қазақстанда өткізу туралы ой келді. Содан бері осы мақсатта жұмыс істеп келеміз. Бүгін төртінші көрмені ашып отырмыз. Алдағы арманымыз — бұл туындыларды барлық облыс орталығына апарып, соңында «Келін-кемешек» атты кітап шығару, — деді ол.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Дегенмен көрмені Астанада өткізу оңайға соқпаған. Шәкен Тұрардың айтуынша, қаржылық қолдаудың жеткіліксіздігінен бірқатар қиындық туындаған. Бастапқыда шараны былтыр өткізу жоспарланғанымен, денсаулығына байланысты кейінге қалдыруға тура келген.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Биыл көрме Президенттік орталықтың қолдауымен ашылды.

— Бұл көрмені Астанаға әкелу үшін көп күш жұмсадық. Ендігі мақсатымыз — оны бүкіл Қазақстанға көрсету. Әсіресе жастардың, мектеп оқушылары мен студенттердің келгенін қалаймыз. Өйткені ұлттық киім арқылы халқымыздың тарихын, мәдениетін, дүниетанымын тануға болады, — деді Шәкен Тұрар.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Тілек Сұлтанның туындылары бұған дейін Қазақстаннан бөлек, Түркия, АҚШ, Франция, Қатар, Үндістан және Орталық Азия елдеріндегі халықаралық көрмелерде таныстырылған. Шебер ұлттық киімдерді жаңғыртумен қатар, тапсырыспен де тігеді.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Ең әдемі киім — ұлттық киім» көрмесі 16 қарашаға дейін Президенттік орталықта жалғасады. Елорда тұрғындары мен қонақтары көне киімдер мен жаңғыртылған туындыларды тегін тамашалай алады.

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бұған дейін қазақтың ұлттық киімдері мен әшекей бұйымдарының мәні, ерекшеліктері және бүгінгі қолданысы туралы кеңінен жазған едік.