Қазпоштаны басқарған Әсел Жанасова несімен есте қалды
АСТАНА. KAZINFORM – Әсел Жұбанышқызы Жанасова Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі лауазымына тағайындалды. Екі жарым жылдан астам «Қазпошта» АҚ-ны басқарған оның несімен есте қалғанын және қандай маңызды шешімдер қабылдағанын сараптап шығуды жөн көрдік.
Әсел Жанасованың еңбек жолы
Ә. Жұбанышқызы 1987 жылы Алматыда дүниеге келген. 2010 жылы Кембридж университетін информатика мамандығы бойынша бітірген (бакалавриат), ал 2014 жылы Кембридж университетінде информатика мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. 2016 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде MBA Executive Management бітірді.
Мансап жолына тоқталсақ, 2010-2014 жылдар аралығында ENRC PLC Group ақпараттық технологиялар қауіпсіздігі бөлімінің басшысы болды. 2014-2015 жылдар аралығында - ҚР Ұлттық Банкі Ақпараттық технологиялар департаменті директорының орынбасары, 2016-2017 жылдар аралығында «Зерде» ұлттық ақпараттық-коммуникация холдингі» АҚ Басқарма төрағасы, 2017-2020 жылдар аралығында «Астана» халықаралық қаржы орталығының цифрлық технологиялар (CDO) жөніндегі басқарушы директоры қызметтерін атқарды. 2020-2022 жылдар аралығында ҚР Сауда және интеграция вице – министрі лауазымында болды.
2022 жылғы 3 қазаннан бастап қазіргі уақытқа дейін «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы және «Қазпошта» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі қызметін атқарды.
Қазпошта табысы
2023 жылдың басында Әсел Жанасова Қазпоштадағы қаржылық жағдайды оңалту, әлеуметтік банкті дамыту және қаржылық қызметтердің рөлін күшейту, қолданыстағы инфрақұрылымдар базасында мемлекеттік қызметтерді ұсыну мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ электронды коммерция мен халықаралық сәлемдемелерге баса мән бере отырып, дәстүрлі пошта бизнесінің тиімділігін арттыру басым бағыттар болатынын мәдімдеген еді.
Бұл ретте, Қазпошта қаржылық жағынан да, пошта қызметтерін көрсету сапасын жақсарту жағынан да белсенді жұмыс атқарды. Сол кезде «Есіктен есікке» курьерлік жөнелтімдердің 90 пайызы 36 сағат ішінде жеткізіліп отырды, яғни 2022 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда бұл көрсеткіш өсті. Жол бойындағы барлық пошта жөнелтілімдерінің жай-күйін бақылау үшін онлайн мониторинг жүйесі енгізілді. Сонымен қатар Қазпошта дәстүрлі түрде электрондық коммерция мен цифрландыруды дамытуға ерекше көңіл бөлді.
Әсел Жанасова «Қазпошта» тізгінін ұстағанына бір жылдан асқан кезде алғашқы жетістіктерді жариялады.
– 2022 жылы 12 млрд теңге шығынмен қабылдап алдым. Қарыз дегеннен шығын деген дұрыс. Жалпақ тілмен айтқанда, минусқа кіріп кеткен. Шығыны көп, ал табысы болмаған. Жоспарлы шығыны бар компания болған. Менің ойымша, минусқа бағытталған жоспармен жұмыс істеу деген дұрыс емес. Мен келген кезде 20 мың қызметкердің айлығын 25 пайыз индекстеу керек болды, яғни 2023 жылғы шығынымызға қосымша 10 млрд теңге қосылды. Ол үшін жоспардағы табысты да 10 млрд теңгеге көтердік. 2023 жылды біз +3 млрд теңгемен жауып жатырмыз, - деді ол.
Сондай-ақ ол шығынға құрылған жоспарлы жылды қалайша табыспен аяқтағанын түсіндірді.Ең біріншіден, шығындар оңтайландырылды. 10 млрд теңгенің керек емес жоспарын, керек емес жобалар тоқтатылды.
Сол кезде «Қазпошта» башысы кассадағы былықтар да кәсіпорын жұмысын тұралатып келгенін айтып, тиісті шараларды қабылдады.
2024 жылдың қорытындысы
2025 жылдың басында Әсел Жанасованы Президентке компанияның былтыр атқарған қызметінің нәтижелері, қаржылық жағдайы, сондай-ақ дамудың перспективті бағыттары туралы есеп берілді. Соңғы екі жылда «Қазпошта» таза табыс тауып, бюджетке 45 миллиард теңге көлемінде салық және баж алымдарын төледі. Тасымал үдерісін оңтайландыру есебінен пошталық жөнелтілімдердің көлемі 26 пайызға өсті. Атап айтқанда, 20 миллион, соның ішінде 9 миллион халықаралық сәлемдеме жеткізілген.
Қызмет сапасын жақсарту мақсатында енгізілетін инновацияға тоқталсақ, осы орайда Japan Post, Toshiba және Cainiao компанияларымен көлік және логистика салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, халықаралық маркетплейстерге қолжетімділікті қамтамасыз ететін Keruen сервисі дамып келеді.
Қазпошта үздік пошта операторларының бестігіне енді
Айтпақшы, компания Дүниежүзілік пошта одағының рейтингісі бойынша алғаш рет ең үздік 50 пошта операторының қатарына кірген. Сонымен қатар, былтыр күзде Қазпошта «Үздік жеткізуші», «Бизнесті әртараптандыру» және «Экологиялық тұрақтылық» номинациялары бойынша халықаралық сыйлықтың үздік бестігіне кірді.
Марапаттар Амстердамдағы Amazon, DHL, Nova Post және т. б. секілді сала жетекшілері өз жетістіктерін ұсынатын пошта және сәлемдеме технологиялары саласындағы ең ірі іс-шара — «Parcel+Post Expo» көрмесінің аясында табысталды. ⠀Қазпошта өзінің үш негізгі бағыттағы инновациялық қызметімен көптің назарына бөленді. «Бизнесті әртараптандыру» номинациясында компания кірістерді ұлғайту және корпоративтік банкингті дамытуды қоса алғанда, нарықтағы өзгерістерге бейімделу жөніндегі бастамалары үшін атап өтілді. «Экологиялық тұрақтылық» санатында Қазпошта ауылдық пошта бөлімшелерінде эко-хабтар құруға, қызметкерлер мен клиенттерге қалдықтарды бөлек сұрыптау бойынша оқыту өткізуге сеп болған «Жасыл даму» жобасын ұсынды. Қазпоштаның «Parcel+Post Expo» көрмесіне қатысуы оның әлемдік нарықтағы орнын нығайтады және Қазақстанның инклюзивті және тұрақты пошта болашағын құрудағы бәсекеге қабілеттілігін растайды.
Пошта қызметі арқылы дәрі-дәрмек жеткізіледі
Жыл басында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне байланыс қызметтерін көрсету, мемлекеттік сатып алу, көлік және пошта мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойды.
Пошта саласындағы заңнаманы жетілдіру аясында пошта байланыс нарығын, оның ішінде электрондық сауданы дамытуға, пошта байланысының субсидияланатын әмбебап қызметтерін қысқартуға, пошта саласындағы уәкілетті органның қызметін бюрократиядан арылтуға бағытталған түзетулер көзделген.
Қазір 2054 ауылдық пошта бөлімшесі жұмыс істейді, олар қолма-қол ақша, хаттарды, газеттерді жеткізуді, төлемдерді қабылдауды қамтамасыз етеді және барлық 6209 ауылды елді мекендердің тұрғындарына мемлекеттік қызмет көрсетеді.
Құжатта пошта операторларының қызметтері пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін ПИН-кодты теру немесе QR-кодты оқу арқылы адресаттың келісімін ала отырып, пошта жөнелтілімін үшінші тұлғаларға тапсыру мүмкіндігін қарастыру ескерілген. Ұлттық операторға, яғни «Қазпошта» акционерлік қоғамына денсаулық сақтау саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тасымалдау және сақтау құқығы беріледі.
Бұл тұрғыда Ә. Жанасова компанияға дәрі-дәрмекті жеткізу де қомақты табыстың жолы болатынын айтты.
0,2 ставка айлыққа жұмыс істеп жүрген пошташылар бар
Былтыр желтоқсан айында Әсел Жанасова ауылдағы пошта қызметкерлерінің айлығы өсу үшін тұрғындар пошта арқылы сәлемдемелерді барынша көп жолдап, қабылдауы керек екенін айтты.
– Иә, шыны керек, біздің ауылдағы операторларымыз, пошташыларымыз аз алады. Неге десеңіз, бұл ауылға сәлемдемелер мен хаттың аз келуіне байланысты. Яғни, соған байланысты 0,2 немесе 0,5 ставкамен жұмыс істейді. 0,7 ставкамен де жұмыс істейтіндер бар. Ол енді ауыл тұрғындарына байланысты, - деді ол.
«Қазпошта» басшысы кейінгі екі жылда пошташылардың айлығы өскенін еске салды.
– 2023 жылы пошта қызметкерлерінің айлығын 25 пайызға көтердік. Биыл тағы 15 пайызға көтердік. Жыл сайын барлық «Қазпошта» қызметкерлеріне 3 рет сыйақы береміз. Оның өзі біз үшін үлкен қаражатты қажет етеді. Яғни, ауылдарға жолданатын сәлемдемелердің көбеюіне байланысты айлықты да көтере аламыз, - деді Әсел Жанасова.