Қала тұрғындарының арасында кәсіпорындағы ауа тазарту құрылғыларының бірі жарылған болуы мүмкін деген сыбыс тарады. Алайда компания өкілдері бұл басқа технологиялық қондырғы екенін түсіндірді.
- Көпшілік ойлағандай, бұл шаң ұстағыш қондырғы емес. Ол жабдық метал өндіру кезінде реагент ретінде қолданылатын технологиялық шаң шығаруға арналған, - деді «Қазцинк» ЖШС басқарушы директоры Андрей Лазарев.
Оның айтуынша, зақымданған қондырғы өндірістегі шығарындыларды тазарту процесінде қолданылмаған. Сондықтан оның тоқтауы кәсіпорынның экологиялық жүйелерінің жұмысына әсер етпейді.
- Барлық экологиялық жүйелер штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ауа сапасына мониторингті кәсіпорынның өз зертханасы да, мемлекеттік қызметтер де тұрақты түрде жүргізуде, - деді ол.
Қазіргі уақытта өндіріс жалғасып жатыр. Алайда қуаттылық уақытша төмендетілген.
Еске салсақ, осыған дейін Қазцинктегі жарылыстан зардап шеккен жұмысшылардың бірі ауруханада көз жұмғаны хабарланған.