ҚазҰУ-да тағы студентке қатысты шу шықты: Полиция тергеуді бастады

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті өзіне жарақат салған.

Фото: Gov.kz

Әлеуметтік желілерде ҚазҰУ-дың механика-математика факультетінде оқитын студент қызға қатысты оқыс жағдай болғаны туралы ақпарат тарады. Желі қолданушыларының мәліметінше, қыз №12 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізілген.

Алматы қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлімдеді.

- Алдын ала мәлімет бойынша, оқу орындарының бірінде студент қыздың өзін жеңіл жарақаттау дерегі тіркелген. Оған медициналық көмек көрсетілді, – деп хабарлады полиция.

Ал университет өкілдері желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Сөздерінше, мұндай жайт расталмады.

Бұл ҚазҰУ төңірегіндегі алғашқы дау емес.

Еске салсақ, бұған дейін де ҚазҰУ-да студенттің өзіне қол салуына қатысты қылмыстық іс қозғалған еді.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентінің қайтыс болуына қатысты пікір білдіріп, университет басшылығы марқұмның отбасына қажетті көмек көрсеткенін мәлімдеді.

Содан кейін Алматыда тағы да ҚазҰУ студенті қаза тапты. Бірінші курс студентін екінші курс студенті ұрып өлтірді деп айыпталып отыр.

Күдікті ұсталып, проректор мен декан жұмысынан кетті.

Екі жайттан кейін ҚазҰУ-ға министрліктің арнайы тобы баратыны белгілі болды.