Қырғызстанда президент сайлауына неше адам тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссия президент сайлауына қатысатын сайлаушылардың алдын ала тізімін жариялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Фото: Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі

Орталық комиссияның мәліметі бойынша, алдын ала бүкіл ел бойынша 4 467 040 сайлаушы бар. Сайлаушылардың аралық тізімі қағазға басып шығарылып, 2026 жылдың 18 қарашасына дейін 2492 сайлау учаскесіне ілінеді.

Тізімдерді «Қызмат» мемлекеттік мекемесі Бірыңғай мемлекеттік халық тізіліміндегі ақпарат негізінде құрастырып, «Тизме» порталында (tizme.gov.kg) жариялады. Олар күн сайын жаңартылып отырады.

Азаматтар өздерінің сайлаушылар тізіміндегі аты-жөнін 2027 жылдың 12 қаңтарына дейін «tizme.gov.kg» сайтында, сайлау учаскесінде, 1255 немесе 119 нөмірлеріне қоңырау шалып және 119 нөміріне PIN-кодпен SMS жіберіп тексере алады.

Тізімде жоқ және биометриялық тіркеуден өтпеген Қырғызстан азаматтары осы процедурадан өтіп, Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы төлқұжат мәліметтерін жаңарта алады.

Еске салайық, Қырғызстандағы келесі президент сайлауы 2027 жылдың 27 қаңтарына жоспарланған.

Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының дерегінше, президент сайлауына барлығы 1,2 млрд сом (шамамен 6,06 млрд теңге) жұмсалмақ.