Тиісті қаулыға Қырғыз Республикасының Министрлер кабинеті қол қойды.
Құжатқа сәйкес, туроператорлар әр турист үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру рәсімдеуге тиіс.
Бұл тетік күрделі іздеу-құтқару жұмыстары мен таулы аймақтардағы зардап шеккен адамдарды эвакуациялауға байланысты қаржылық тәуекелдерді мемлекеттік бюджеттен сақтандыру нарығына беруге бағытталған. Сонымен қатар туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елдегі туризм саласын қауіпсіз ету көзделіп отыр.
Сақтандыру жауапкершілігінің сараланған лимиттері белгіленді:
- 3 миллион сомға дейін (15,6 миллион теңге) — дәстүрлі бағыттар үшін. Оған классикалық экскурсиялық, мәдени-танымдық, сауықтыру және рекреациялық турлар жатады;
- 5 миллион сомға дейін (26 миллион теңге) — туризмнің экстремалды түрлері үшін. Атап айтқанда, альпинизм, тау шаңғысы, рафтинг және қолжетімділігі қиын аймақтардағы трекинг бағыттары қамтылады.
Сақтандыру шартының болуы туроператорлардың заңды түрде жұмыс істеуінің міндетті талабы болады.
Қырғызстан бойынша көпкүндік дәстүрлі турдың орташа құны 15-25 мың сом (78,2-130,3 мың теңге) болған жағдайда, 5-7 күнге арналған сақтандыру полисінің бағасы шамамен 3 мың сомды (15,6 мың теңге) құрайды. Бұл күніне орта есеппен 400-500 сомға (2 083-2 605 теңге/күн) тең.
Айта кетейік, 2025 жылдың тамыз айының ортасында ресейлік альпинист Наталья Наговицына тауда қайғылы жағдайға тап болды. Аяғын сындырып алған ол 7 мың метрден астам биіктіктегі Жеңіс шыңында көмек күтті.
23 тамызда Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі ауа райының нашарлауына байланысты Ресей азаматы Наталья Наговицинаны іздеу жұмыстарын уақытша тоқтатты.
Кейін ауа райының күрт нашарлауына байланысты Қырғызстан ТЖМ-нің 24 тамызда Ыстықкөл облысына жіберілген «Airbus H-125» тікұшағы альпинист әйелді Жеңіс шыңынан эвакуациялау операциясын тоқтатып, тұрақты орналасқан жеріне оралғаны белгілі болды.
27 тамызда Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті дәлдігі жоғары жабдықтармен жарақталған ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы әуеден бейнетүсірілім жүргізді. Оның нәтижесінде альпинист әйел болған жерде тіршілік белгілері анықталмады.
Кейін құрамына 20 тәжірибелі маман кірген альпинистерден құралған сарапшылар тобы Наталья Наговицинаны құтқару мүмкін емес екенін мәлімдеді.
2 қыркүйекте ресейлік альпинист Наталья Наговицына Қырғызстанда қаза тапты деп танылды.
2026 жылдың мамыр айының соңында Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі ресейлік альпинистің денесін Жеңіс шыңынан эвакуациялау үшін қажетті көмек көрсету мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.