Қырғызстанда жалақы инфляцияға қарай өседі

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстанда инфляция деңгейіне қарай жалақыны міндетті түрде индексациялау тәртібі енгізіледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.

Фото: citykr.kg

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров 2026 жылғы 6 қарашадағы №152 заңға қол қойды. Құжатқа сәйкес, елдің Еңбек кодексіне тиісті өзгерістер енгізілді.

Жұмыс берушілер тауарлар мен қызметтер бағасы өскен сайын қызметкерлердің жалақысын да арттырып отыруға міндетті. Бұл талап ұжымдық шарттарда, келісімдерде немесе ұйымның ішкі құжаттарында көрсетілуге тиіс.

Бұған дейін Қырғызстан 2030 жылға қарай ЖІӨ өсімін 8%-ға жеткізетіні хабарланған болатын.

Сонымен қатар Қырғызстанда тауарлар мен қызметтердің бағасы 8,1 пайыз өскенін жазған едік.