Қысқы Азияда: шайбалы хоккейден Қазақстан құрамасының ойын кестесі белгілі болды

Фото: Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарының шайбалы хоккейден жарыс кестесі белгілі болды.

harbin2025.com сайтыныдағы ақпараттарға сәйкес, шайбалы хоккейден жарыстар 3 ақпан күні басталып, жеңімпаздар 14 ақпан күні анықталады. Қазақстан ерлер құрамасы А тобында, ал әйелдер құрамасы В тобында өнер көрсетеді.

Қазақстан ерлер құрамасының жарыс кестесі:

4 ақпан, 13:00. Тайланд – Қазақстан

5 ақпан, 17:00. Қазақстан – Қытай

7 ақпан, 6:00. Қазақстан – Қытайлық Тайпей

8 ақпан, 09:00. Жапония – Қазақстан

10 ақпан, 09:00. Қазақстан – Корея

11 ақпан ширек финалдық ойындар, 13 ақпан жартылай финалдық ойындар, ал 14 ақпан финалдық ойындар өтеді.

Қазақстан әйелдер құрамасының жарыс кестесі:

3 ақпан, 16:30. Гонконг – Қазақстан

4 ақпан, 16:30. Тайланд – Қазақстан

6 ақпан, 16:30. Қазақстан – Қытайлық Тайпей

9 ақпан, 12:30. Корея – Қазақстан

12-14 ақпан аралығында В тобынан жолдама алған екі команда Қытай және Жапония құрамаларымен өзара мықтыны анықтайды.

Еске салсақ, IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында өтеді. Спортшылар 12 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады

Бұған дейін хабарлағанымыздай, дүбірлі дода тарихта ең көп ел қатысқан қысқы Азиаданың бірі болмақ. 

Сондай-ақ, Камбоджа мен Сауд Арабиясы қысқы Азия ойындарына алғаш рет қатысқалы отыр. 

ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Қазақстаннан 139 спортшы ел намысын қорғайды

Осыған дейін Ақ Азияданың Харбин қаласындағы мұз спорты өтетін 5 арена және Ябули тау шаңғысы курортында қар спорты өтетін 8 жарыс алаңында өтетінін жазған едік. 

Қазақстан қысқы Азия ойындары тарихында 200-ге жуық медаль жеңіп алған.