Қазақстан қысқы Азия ойындары тарихында 200-ге жуық медаль жеңіп алған

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайдың Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарының басталуына 30 күн қалды. Осы орайда, Kazinform тілшісі еліміздің ақ Азиада тарихына шолу жасап шықты.

азиада
Фото: Синьхуа агенттігі

Қысқы Азия ойындары – Азия елдерінің қатысуымен төрт жылда бір өтетін қысқы спорттық дода. Жапонияның Олимпиада комитеті 1982 жылы Азия ойындарының қысқы нұсқасын ұйымдастыруды ұсынып, алғашқы екі кезекті ақ Азиаданы 1986 және 1990 жылы Саппоро қаласында өткізді. Алғашқы ойындарға бар-жоғы 7 елдің өкілі қатысса да, кейіннен олардың саны артып, 2007 жылғы ойындарда Азия Олимпиадалық Кеңесіне мүше 45 мемлекеттің 27-сі қатысты.

Саппоро
Фото: kyodonews

Қазіргі уақытқа дейін, қысқы Азия ойындары 8 мәрте сәтті өтті. Ойындар Жапонияда 4 рет, Қытайда 2 мәрте және Корея мен Қазақстанда бір-бір рет жалауын желбіретті.

Осы өткен 8 ақ Азиадада 10 елдің өкілі медаль иеленді. Қысқы спорт түрлерінен мықты саналатын Жапония, Қытай, Қазақстан және Оңтүстік Кореядан басқа, Моңғолия, Иран, Қырғызстан, Ливан, Өзбекстан және КХДР спортшылары да жүлдегерлер қатарынан көрінген.

Қазақстан 1996 жылдан бері Азияның басты қысқы спорт додасында өнер көрсетіп келеді. Ел құрамасы өткен 6 кезекті ақ Азиадада жалпы 196 медаль (78 алтын, 62 күміс, 56 қола) иеленіп, Жапония мен Қытайдан кейін үшінші орында.

Харбин қысқы Азия ойындары

Қысқы Азияда
Фото: The Olympic Council of Asia

3-ші қысқы Азия ойындары Қытайдың Харбин қаласында 1996 жылы ақпан айында өтті. Қазақстан тәуелсіз ел ретінде алғаш рет қатысып, 17 ел арасынан суырылып алға шықты.

Харбинде отандастарымыз 14 алтын, 9 күміс, 8 қола медальмен жалпы есепте жарыс қожайындарынан кейін екінші орынға жайғасты. Людмила Прокашева (конькимен жүгіру), Павел Рябинин (шаңғы), Дмитрий Пантов, Валерий Иванов және Инна Шешкиль (биатлон) бірнеше рет жеңіс тұғырына көтерілді.

Канвондо қысқы Азия ойындары

kangwon asian winter games
Фото: kdevelopedia.org

1999 жылғы Канвондода өткен (Оңтүстік Корея) Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 10 алтын, 8 күміс және 7 қола медаль жеңіп, жалпы есепте үшінші орыннан көрінді.

Ел құрамасы Владимир Смирновтың жетекшілігімен, шаңғы спортынан 5 алтын медаль еншіледі.

Аомори қысқы Азия ойындары

Аомори қысқы Азия ойындары
Фото: stripes.com

5-ші қысқы Азия ойындары Жапонияның Аомори қаласында өтті. Нәтижесінде, қазақстандық спортшылар 7 алтын, 7 күміс және 6 қола медальға ие болып, жалпы есепте төртінші орынға сырғыды.

Жапонияда шаңғышыларымыз тағы ерлік көрсетіп, қар спортының 7 түрлі дисциплинадан 6 алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ, Фристайл могулдан Ирина Кормышева күміс, Иван Сидоров қола иеленді. Биатлоннан әйелдер эстафетасында Қазақстан құрамасы мәреге үшінші болып жетті.

Чаңчун қысқы Азия ойындары

Чаңчун қысқы Азия ойындары
Фото: thepaper.cn

2007 жылғы қытайдың Чаңчун қаласында өткен ақ Азиадада Қазақстан барлығы 6 алтын, 6 күміс және 6 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте төртінші орынды қанағат тұтты.

Бұл жолы Қазақстан құрамасы шаңғы жарыстары мен биатлоннан сәтті өнер көрсетті.

Астана-Алматы қысқы Азия ойындары

Астана-Алматы қысқы Азия ойындары
Фото: almaty.tv

2011 жылы Қазақстан өз тарихында алғаш рет қысқы Азия ойындарын қабылдады. 7-ші қысқы Азия ойындары Алматы және Астана қалаларында сәтті өтіп, Азияның 26 елінен келген спортшылар қысқы спорттың 11 түрінен 69 медаль жиынтығын сарапқа салды.

Айта кетерлігі, 7-ші қысқы Азияда ойындарына Бахрейн, Катар және Сингапур бірінші рет қатысты.

Қазақстандық спортшылар өз елімізде 32 алтын, 21 күміс және 17 қола медаль иеленіп, жалпы есепте көш бастады.

Саппоро қысқы Азия ойындары

Қысқы Азия ойындары
Фото: Olympic.kz

2017 жылы Саппоро қаласы ақ Азиаданы үшінші мәрте қабылдады. 8-ші Қысқы Азия ойындары бастапқыда 2015 жылға жоспарланған. Алайда, 2009 жылғы 3 шілдеде Сингапурде өткен Азия Олимпиадалық Кеңесінің (АОК) Бас Ассамблеясы оны қысқы Олимпиада ойындары қарсаңындағы жылға ауыстыруға шешім қабылдады.

Қазақстан делегациясы осы ойындарға кейбір спорт түрлері бойынша екінші құраммен барады. Оның себебі, біздің көшбасшыларымызда бұл уақытта бірқатар спорт түрінен әлем чемпионаты, әлем кубогының кезеңдері өтеді. Кейбір оза шабатын спортшыларымыз 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиададан (Алматы қаласы, 29 қаңтар - 8 ақпан) кейін аз уақыт ішінде спорттық бабына келіп, толыққанды дайындыққа кірісе алмайды.

Соған қарамастан отандық биатлоншылар ең көп алтын медаль ұтып алды. Қорытынды бойынша, ел құрамасы барлығы 9 алтын, 11 күміс және 12 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте төртінші болды.

зимняя Азиада в Харбине
Фото: оргкомитет IX зимних Азиатских игр Харбин 2025

Еске салсақ, IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында өтеді. Спортшылар 12 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай, дүбірлі дода тарихта ең көп ел қатысқан қысқы Азиаданың бірі болмақ. 

Сондай-ақ, Камбоджа мен Сауд Арабиясы қысқы Азия ойындарына алғаш рет қатысқалы отыр. 

ҚР Туризм және спорт министрлігінің хабарлауынша, Қазақстаннан 139 спортшы ел намысын қорғайды. 

Осыған дейін Ақ Азиаданың Харбин қаласындағы мұз спорты өтетін 5 арена және Ябули тау шаңғысы курортында қар спорты өтетін 8 жарыс алаңында өтетінін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар