АСТАНА. KAZINFORM — Қытай дүйсенбі күні «Чанчжэн-12» зымыран тасығышымен төменгі орбитада Жерді айналып жүретін, интернетке арналған жерсеріктердің 29-шы толқынын ұшырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Қытайдың аэроғарыштық ғылым және технология корпорациясына сілтеме жасап.
Зымыран Бейжің уақыты бойынша таңғы сағат 4:24-те елдің оңтүстігіндегі Хайнань аралындағы коммерциялық зымыран алаңынан ұшырылды. Спутниктер белгіленген орбиталарға орналастырылды.
Чанчжэн сериясының зымыран тасығыштары осымен 676 рет ғарышқа ұшып отыр.
Ұзындығы шамамен 62 метр болатын екі сатылы «Чанчжэн-12» зымыраны 700 шақырым биіктіктегі орбитаға кемінде 6 тонна пайдалы жүкті шығара алады.
Бұған дейін Қытай AI технологиясымен жабдықталған екі спутникті орбитаға шығарғанын хабарлаған едік.
Жуырда Үндістан да салмағы 2 тоннадан асатын навигациялық жерсерікті орбитаға шығарды.
Нұрлан Тұяқов
Низами атындағы ТМПУ түлегі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық журналистика мамандығы бойынша магистратурасын бітірген. Ташкентте қазақ тілінде шығатын "Нұрлы жол" газетінде аудармашы, тілші болған. Қазіргі таңда Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінде еңбек етіп келеді.