Қытай мен Қазақстанның тауар айналымы рекордтық 44 млрд долларға жетті — Ерлан Қарин
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай мен Орталық Азия елдері арасында контент жасау, технологиялармен алмасу және мәдени бағыттағы бірлескен жұмыс айрықша өзекті бола түсті.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин Қытай мен Орталық Азияның «Тату көршілік және достық: болашаққа бірге қадам» атты гуманитарлық алмасу форумында айтты.
Мемлекеттік кеңесші бүгін Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастығы ғана емес, миллиондаған адамның тағдыры тоғысқан алып өңірдің болашағы талқыланып отырғанын атап өтті.
— ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин айтқандай, «Ашықтық прогреске бастайды, ал тұйықтық артта қалушылыққа әкеледі». Біздің өңір елдерінің басты ерекшелігі — ашықтық, жоғары қарқынды экономикалық өсу, гуманитарлық және медиа салаларындағы тығыз ынтымақтастық. Медиатұтынудың трансформациясын, цифрландыру мен ақпараттық трендтерді ескерсек, контент жасау, технологиялармен алмасу және өзара мәдени байыту бағыттарындағы бірлескен жұмыс айрықша өзекті бола түскенін көріп отырмыз, — деді Ерлан Қарин форумның ашылуында.
Кезінде Ұлы Жібек жолының керуендері тек тауар емес, білім де тасымалдаған. Сол кезеңнің өзінде алғашқы коммуникациялық желілер қалыптаса бастаған еді.
— Бүгінде біз бұл дәстүрді интернет, спутниктік және цифрлық платформалар арқылы жалғастырып, медиаларымызды бірыңғай ынтымақтастық ырғағына біріктіріп отырмыз. Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығына келсек, Қытай — біз үшін тату көрші әрі сенімді дос. Біз әрдайым өзара тиімді әріптестікке қатысты ортақ түсіністік табамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қытаймен толыққанды ынтымақтастық — Қазақстанның тұрақты дамуы үшін ұзақмерзімді фактор болып саналады, — деді Қазақстанның Мемлекеттік кеңесшісі.
Қытай Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып қала береді. Былтыр екіжақты тауар айналымы рекордтық 44 миллиард АҚШ долларына жетті. Оған қоса, Қытайдан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция ағымы өскен. Мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстар да нығайып келеді.
— Бүгінде Қытай әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан ірі экономикалардың бірі және жетекші технологиялық державаға айналуда. Өз кезегінде Орталық Азия елдері де елеулі әлеуетке ие болып, тұрақты экономикалық өсім көрсетіп келеді. Қазақстан әрқашан көршілерінің табыстарына қуанады, себебі бәріміз ортақ даму жолындамыз және әрқайсымыздың жеңісіміз — ортақ жеңіс, — деді Ерлан Қарин.
Бұған дейін Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форум қатысушыларын құттықтау хатын оқып берген еді.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин келді. Екі күнге созылатын сапар барысында еларалық мәселелер талқыланып, мемлекет басшылары «Орталық Азия — Қытай» саммитіне қатыспақ.
Қытай көшбасшысы мінген бортты ел шекарасынан елордаға дейін Қазақстан Республикасы Әуе қорғаныс күштерінің ұшақтары алып жүрді.
Сонымен бірге, бүгін елордада «Орталық Азия — Қытай: Энергетика» форумы аясында Қазақстанның Энергетика министрлігі бірқатар компания өкілдерімен құжаттарға қол қойды.