Бейжіңде өткен Қытай халықаралық қызмет көрсету сауда жәрмеңкесінде (CIFTIS) биылғы көктем мерекесіне арналған телешоуда киім жинаған Galbot G1 роботы қызметкерлері жоқ дүңгіршекте жұмыс істеді. Мұндай автоматтандырылған сауда орындары Бейжіңдегі Жазғы сарай сияқты туристік нысандарда да жұмыс істейді. Ал осы үлгідегі алғашқы шетелдік дүңгіршек 1 қыркүйекте Гонконгте ашылды.
Көрмеде роботтар пошта қызметкері, құймақ дайындаушы және бариста ретінде де көрсетілді. Олар ашықхаттарға мөр басып, тауар жеткізіп, құймақ пісіріп, кофе дайындайды.
Алайда роботтарды нақты өндіріс жағдайында қолдануға кедергі келтіретін негізгі мәселе – оларды оқытуға қажетті деректің тапшылығы. Shijingshan Embodied Intelligence Training Center басшысы Чжу Кайдың айтуынша, Қытайда биылғы бірінші жартыжылдықта 23 мың гуманоид робот сатылғанымен, олардың 5%-дан азы ғана нақты өндірістік желілерде тұрақты жұмыс істеп жүр.
Осы мәселені шешу үшін Бейжіңдегі орталықта роботтарға арналған «кәсіптік мектеп» жұмыс істейді. Мұнда шамамен 270 робот тұрмыстық жұмыстарды, күтім көрсету және өндірістік тапсырмаларды орындап үйренеді. Орталық жылына 20 млн-ға жуық сапалы дерек жинайды.
9 қыркүйекте Қытай «эмбодимент интеллект роботтарын қолдану жөніндегі техник» атты жаңа кәсіпті ресми түрде мойындады. Оның құрамына роботтарға арналған дерек жинаушы және робот жаттықтырушы мамандықтары енгізілді.
Роботтарды оқытуға қажетті технологиялар да дамып келеді. Арнайы құрылғылар адамның қимыл-қозғалысын, қолдың күшін және затты ұстау ерекшеліктерін жазып, кейін бұл деректерді роботтарды үйретуге пайдаланады.
Деректердің өзі де жаңа тауарға айналып отыр. CIFTIS аясында Қытай эмбодимент интеллект саласындағы деректерді халықаралық деңгейде ұсынуға бағытталған алғашқы өнеркәсіптік платформасын іске қосты. Бейжіңнің Шицзиншань ауданында жоғары сапалы деректер жиынтықтары жасалып, жүздеген дерек өнімдері нарыққа шығарылған.
Қытай роботтары шетелде де жұмыс істей бастады. Бейжіңдік Anyverse Dynamics компаниясы Envision жасыл технологиялар тобымен 500 млн юаньға (шамамен 74,7 млн доллар) келісім жасады. Компанияның K15 жартылай гуманоид роботтарының алғашқы партиясы осы айда Франциядағы аккумулятор зауытына жеткізіліп, жүк тиеу және түсіру жұмыстарын автономды атқара бастады.
Мамандардың пікірінше, болашақта роботтардың өзінен бөлек, оларды оқытуға арналған деректер мен қызметтер Қытайдың қызмет көрсету саудасының маңызды бөлігіне айналуы мүмкін.
Көрмеде жоғары секіретін, тамақ дайындайтын, қабырғаға өрмелейтін роботтар және басқа да 30-дан астам жаңа өнім таныстырылды.
Айта кетейік, жуырда ШҚО-да робот-иттер полицияның жаңа «әріптестері» ретінде патрульге шыққанын жаздық.
Сондай-ақ адамға ұқсайтын роботтар Бейжің ойындарында жаңа рекорд орнатты.