Бұл — жасанды интеллекті (ЖИ) нақты құрылғыға енгізілген роботтың табиғи ортадағы ғылыми зерттеулерге алғаш рет қатысуы.
Экспедицияға қатысушылар доңғалақтары мен жүруге арналған аяқтары бар роботты қалың ормандарда, тік беткейлерде және адамдардың жетуі қиын немесе қауіпті басқа да жерлерде пайдаланды. Робот-ит зерттеу бағыттарын тексеріп, фото және бейнетүсірілім жүргізді, сондай-ақ жүк тасымалдады. Зерттеушілердің бағалауынша, роботты пайдалану қоршаған ортаға зиян тигізбей, деректер жинауға мүмкіндік берген.
Экспедицияның маңызды нәтижелерінің бірі — хлорофилі жоқ сирек өсімдік түрі, біргүлді монотропаның (Monotropa uniflora) сәтті түсірілуі. Қытай ғалымдарының айтуынша, түсірілген бейнекадрлар ғылыми зерттеулер үшін құнды материал саналады.
Робот-ит күрделі жер бедерінде және ашық ауадағы қолайсыз жағдайларда жұмыс істеуге арналған. Ол шаңды әрі жаңбырлы ауа райында да жұмыс істей алады. Құрылғы –30-дан 55 градусқа дейінгі температураға төзімді. Сондай-ақ салмағы 35 келіге дейінгі жүкті тұрақты түрде көтеріп, қуаттау қажеттілігінсіз 3,5 сағатқа дейін жұмыс істейді.
Доңғалақтары мен аяқтарының үйлесімді құрылымы роботқа тасты соқпақтардан өтуге, тік беткейлерге көтерілуге, қалың өсімдіктер арасымен және лайлы жерлерде қозғалуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, биыл Бейжіңде 16 елден 2 мыңнан астам робот қатысқан әлемдік ойындар өтті.