Жер сілкінісі бейсенбі күні сағат 22:33-те Нагчу қаласының Бачен уезінде болып, 16 адамның өмірін қиды. Сондай-ақ 76 адам жарақат алды.
Қытайдың Қаржы министрлігі мен Төтенше жағдайларды басқару министрлігі құтқару шаралары мен зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетуге 50 млн юань бөлді. Ал Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитет бүлінген инфрақұрылым мен қоғамдық нысандарды қалпына келтіруге орталық бюджеттен қосымша 30 млн юань қарастырды.
Бұған қоса Қытай билігі жер сілкінісіне байланысты мемлекеттік деңгейдегі төтенше жағдайға ден қою режимін 4-деңгейден 3-деңгейге көтеріп, табиғи апаттарға ден қоюдың 4-деңгейлі тетігін іске қосты.
Қытайдың өрт сөндіру-құтқару қызметі іздеу-құтқару шараларын жүргізу үшін апат болған аймаққа 350 құтқарушы мен 83 арнайы техника жіберді. Сондай-ақ Төтенше жағдайларды басқару министрлігі Сицзан автономиялық ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі департаментіне апат аймағындағы ахуалды байқау үшін «Илун» (Wing Loong) барлау дронын жіберуді тапсырды.
Жұма күні таңғы сағат 6:30-дағы жағдай бойынша осы құтқарушылардың 120-сы мен 27 техника апат аймағына жетті, ал Сицзан аймақтық өрт сөндіру-құтқару жасағының 230 құтқарушысы мен 56 техникасы қосымша күш ретінде Нагчу аумағында болды.
Таң ата апат аймағына орталық және өңірлік билік органдары, сондай-ақ қала мен аудан әкімдіктері бөлген гуманитарлық көмек жеткізілді. Ал таңғы сағат 04:30-ға дейін 1 000 жиналмалы үй мен 2 821 төсек, 3 239 шатыр, 4 280 көрпе және басқа да күнделікті қажетті заттар жеткізілген.
Бұған дейін Қытай жер сілкінісінің салдарын жоюға спутниктер мен дрондарды жұмылдырғанын хабарлаған едік.