Қытайда жол қозғалысын реттейтін роботтар пайда болды

АСТАНА. KAZINFORM – Мамыр айының басынан бастап Шығыс Қытайдағы Чжэцзян провинциясына қарасты Ханчжоу қаласында жол қозғалысын басқаруға арналған интеллектуалды роботтар жұмыс істей бастады, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі .

Фото: Синьхуа

Негізгі қиылыстар мен орталық көшелерде интеллектуалды басқару жүйесімен жабдықталған 15 робот-реттеуші қызмет атқарып жүр. Олар туристерге бағыт-бағдар береді, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылайды және көлік ағындарын реттеуге қатысады.

Қытай робот техникасын белсенді түрде дамытып, интеллектуалды роботтарды көлік жүйесіне, өнеркәсіпке, қызмет көрсету саласына және қалалық инфрақұрылымға енгізіп жатыр. Ел автоматтандыру мен жасанды интеллект технологияларына басымдық беріп, робот техникасын экономикалық және технологиялық дамудың негізгі бағыттарының бірі ретінде қарастырады.

Бұған дейін Қытайда қауіп деңгейі өте жоғары аймақтарда жұмыс істеуге арналған embodied intelligence технологиясымен жабдықталған арнайы роботтардың жаңа класы пайдалануға берілген еді.

Қытайлық робот техникасын әзірлеушілер сондай-ақ адамға ұқсас машиналарды тәжірибеде қолдануға басымдық беріп отыр. Олар назарды көрнекі демонстрациялардан тұрмыстық міндеттерді орындауға қарай ауыстырып жатыр. Роботтардың техникалық базасы айтарлықтай дамығанымен, олардың «интеллекті» әлі де жеткіліксіз деңгейде қалып отыр. Бөлмені жинау, ыдыс жуатын машинаны толтыру немесе киім бүктеу секілді адам үшін қарапайым саналатын міндеттердің өзі роботтар үшін әлі де күрделі сынақ болып саналады.

Айта кетейік, Жапонияда толығымен роботтар басқаратын медициналық зертхана іске қосылды. 

Ал робототехникадан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 12 марапатқа ие болды.