Қытайдағы Ухань турнирі: Рыбакинаның рейтингідегі басты қарсыласы жеңіліп қалды

АСТАНА. KAZINFORM — Әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко Ухань (Қытай) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шыға алмады.

Фото: championat.com

Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркеліп, екінші айналымнан бастаған А.Соболенко алғашқы матчында-ақ күтпеген жерден есе жіберді. 
Әлемнің 31-ракеткасы, америкалық Энн Ли камбэк жасап, 3:6, 6:4, 7:6 (7:5) есебімен жеңіп кетті.

Бұл бәсекенің әлемнің 1-ракеткасы, қазақстандық Елена Рыбакинаға қатысы бар еді. Жарақатына байланысты Ухань додасына қосыла алмаған қазақстандық теннисші 499 рейтингілік ұпайын жоғалтты. 

Егер А.Соболенко сәтті өнер көрсеткен жағдайда ұпай айырмашылығын едәуір қысқартар еді. Қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде Е.Рыбакинаның еншісінде 9 197 ұпай бар. Ал беларуссиялық теннисші енді көрсеткішін 7 560 ұпайдан асыра алмайды.

Сонымен қатар рейтингіде үшінші және бесінші орындағы ресейлік Мирра Андреева мен америкалық Кори Гауфф Ухань жарысына қатысудан бас тартқан еді. 

Ал әлемнің 4-ракеткасы, америкалық Джессика Пегула да бүгін рейтингіде 34-орындағы латвиялық Елена Остапенкоға 6:2, 6:7 (7:9), 3:6 есебімен жол берді.

Енді Е.Рыбакина үшін алда маңызды жарыс бар. Ол 19-25 қазан аралығында өтетін Нинбо (Қытай) WTA 500 турнирінде 2025 жылғы чемпиондық атағы мен 500 рейтингілік ұпайын қорғауы тиіс.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Қытайдағы турнирде үшінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік. 

Шанхай мастерс турнирінде Александр Бублик әлемнің 2-ракеткасына жол берді.

Александр Шевченко Қытайдағы турнирде жарыстың фаворитін жеңді.

Анна Данилина Қытайдағы жарыста ширек финалға жолдама алды.