Қытайдың 5 ЖОО-сы отандастарымызды қазақ тілінде оқытып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қытайда 10 мыңнан астам қазақстандық білім алып жатыр. Бұл туралы Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И мәлім етті. 

Фото: Kazinform

«Қытай Қазақстаннан жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауға дайын. Сондай-ақ, тараптар «Қытай-Еуропа» пойыздары саласындағы ынтымақтастықты нығайта түспек. Сонымен қатар екіжақты тауар алмасу, өткізу қабілетін арттырып, неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға шешім қабылданды», - деді Ван И Қазақстанға сапары барысында.

Қытай министрінің айтуынша, бүгінде аталған елде 10 мыңнан астам қазақстандық студент білім алуда.

«Қазақстандық студенттер үшін Қытайдың бес жоғары оқу орнында қазақ тілінде оқыту қолжетімді. 2023 жылғы қарашада екі ел арасында визасыз режим енгізілді», - дейді ол.

Айта кетейік, бүгін Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрі Ван И Қазақстанға ресми сапармен келді.

Бұған дейін еліміздің Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу «Қазақ-Қытай» ықпалдастығы бұрын-соңды болмаған белестерге шыққанын айтқан еді.