Ұйымдастырушы азаматтарды «WornerBros» платформасы арқылы қысқа бейнероликтер мен фильмдерді көргені үшін табыс табуға болады деген желеумен қаржы пирамидасына тартқан. Қатысушыларға рефералдық сілтеме арқылы тіркеліп, құны 10 мың теңгеден 11 млн теңгеге дейінгі VIP-пакеттердің бірін сатып алу ұсынылған. Бұл ретте күніне 735 мың теңгеге дейін табыс түсетіні уәде етілген.
— Әрбір жаңа қатысушы үшін бонус төленіп отырған, бұл азаматтарды жүйеге тұрақты түрде тартуға ынталандырған. Схеманы насихаттау үшін WhatsApp топтары, әлеуметтік желілердегі жарнамалар және үгіт-насихат кездесулері пайдаланылған, — деп хабарлады ҚМА.
Тергеу барысында салымшылардың қаражатын жинақтау және аудару үшін қолданылған криптоәмияндар анықталды. Сот санкциясымен 3 млн USDT көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынды. Сот айыпталушыны кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ 24 жәбірленушінің азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Жамбыл облысында Еnvida ai қаржы пирамидасына қатысты тергеу басталғанын жазған едік.