АСТАНА. KAZINFORM — Қызылорда қаласында TikTok желісіне видео түсіремін деп жол ережесін өрескел бұзған көлік жүргізушісі жазаға тартылды.
Қызылордалық полицейлер TikTok мессенжеріне мониторинг жүргізді.
«Мониторинг барысында Қызылорда қаласы аумағында Mercedes Benz автокөлігінің иесі жаяу жүргіншілерге арналған жол жүрісі қағидасын бұзғанын анықтады. Бейнежазба бойынша Қызылорда қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальон қызметкерлері жол ережесін бұзушыны анықтауға бағытталған қажетті іс-шараларды жүргізді» деп мәлім етті Қызылорда қалалық полиция басқармасынан.
Ведомство мәліметінше, жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған 20 жастағы жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 596-бабының 1-бөлігімен әкімшілік шара қолданылды.
Автокөлік айып алаңына қойылған.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 190 дерегі анықталған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.