Қызылордадағы мұнай өңдеу зауытында екі резервуар өртенді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласының Мұстафа Шоқай көшесінде орналасқан шағын тоннажды мұнай өңдеу зауыттарының бірінің аумағында әрқайсысының сыйымдылығы 60 тонна екі резервуар өртенді. Оқиға 7 қыркүйек күні сағат 16.25 минут шамасында тіркелді.

Видеодан алынған кадр

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлағандай, екеуінде жалпы көлемі 120 тонна мұнай өнімі болған.

— Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде резервуарлар ашық жалынмен жанып жатқан. Өрттің жанында орналасқан тағы үш резервуарға таралу қаупі туындады. Өртті сөндіруге ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және басқа да қызмет күштері мен құралдары жұмылдырылды. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылды. Көршілес резервуарларды қорғау үшін тасымалды лафеттік оқпандар беріліп, көбікпен шабуыл жасалды. Қосымша өрт сөндіру пойызы тартылды, — делінген хабарламада.

Өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді іс-қимылының арқасында жалынның таралуына жол берілмей, жанындағы үш резервуар сақталып қалды.

Құтқарушылар 200 шаршы метр аумақтағы тілсіз жауды толық ауыздықтады. Қазіргі күні оның неден шыққанын анықтап жатыр. Зерттеу өрт сынақ зертханасында жүргізіледі.
Бүгін сондай-ақ Алматы облысындағы Іле орманшылығында 5 қыркүйекте тіркелген орман өрті 7 қыркүйек сағат 17:48–де толық сөндірілгенін жаздық.