Көлікке қосымша жанармай багын орнатқан 537 көлік анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі жанар-жағармай материалдарының ел аумағынан заңсыз шығарылуының жолын кесу бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

Фото: ІІМ

48 автокөлік өткізу пунктінде полиция қызметкерлерінің тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылған. Қосымша жанармай бактарымен жабдықталған көлік құралдарына ерекше назар аударылып отыр.

Жыл басынан бері жалпы сыйымдылығы 150 тоннадан асатын қосымша бактарды заңсыз орнатудың 537 фактісінің жолы кесілді.

– Мысалы, 2 қазанда Жамбыл облысында көршілес мемлекеттің азаматы жүк көлігіне рұқсатсыз көлемі 500 литр болатын қосымша бак орнатқаны анықталды. Ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, бак алынып тасталды. Жанар-жағармай материалдарының елден заңсыз шығарылуының жолын кесу жұмыстары жалғасуда, – делінген ІІМ хабарламасында.

Айта кетейік, бұған дейін жыл басынан бері заңсыз қосымша отын бактарын пайдаланған 255 жүргізуші жауапқа тартылғаны хабарланған. Ол кезде мемлекеттік шекарадағы автомобиль өткізу бекеттерінің маңында полиция қызметкерлері қосымша отын бактарымен заңсыз жабдықталған көліктерге бақылауды күшейткені айтылған.