Венесуэламен шекаралас орналасқан Колумбия астанасында акцияға қатысушылардың кейбірі Венесуэла жалауларын желбіретіп, кейбірі оны иығына жамылып шықты.
«Колумбиялықтар ретінде біз көршілеріміз үшін қатты қуаныштымыз, себебі бұл сәт олардың бостандығын және тарихындағы маңызды кезеңді білдіреді. Бұл — ұлы оқиға, бұл біз үшін де, Венесуэладағы көршілеріміз үшін де зор қуаныш. Біз бұған шын жүректен қуанамыз», деді қатысушылардың бірі Даниэлла.
Митингке қатысқан тағы бір әйел 18 жасында Колумбияға көшіп келген екен. Ол осында сегіз жылдан бері тұрып келе жатыр. Венесуэлалық мигрант испан тілінде сөйлеп, оған бұл жаңалықты құрбысы телефон арқылы хабарлағанын айтты.
Оның айтуынша, ол алғашында қатты үрейленіп, туыстарымен сөйлесіп, ақпараттың рас екеніне көз жеткізгенге дейін болған жағдайға сенбеген.
Оның сөзінше, венесуэлалықтар соңғы 20 жыл бойы өз елінің ресурстары мен тағдырын бақылау мүмкіндігінен айырылған.
«Бізді ұзақ жылдар бойы тонап келді. Егемендігіміз бар болғанымен, оны қорғайтын ештеңеміз жоқ», деді ол.
Сондай-ақ ол АҚШ президентіне алғысын білдірді.
«Қалай десек те, мен Трамп өз уәдесін — біртұтас Американы құруды орындады деп есептеймін. Себебі Америка — тек Құрама Штаттар ғана емес, тұтас бір құрлық», деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, Венесуэла президенті жұбайымен бірге ұсталып, елден эвакуацияланғанын жаздық.
Ал кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла президенті мен оның әйелі кемемен Нью-Йоркке жеткізілетінін мәлімдеді.
NBC телеарнасы Мадуро мен оның жұбайы ұшақпен Нью-Йорк штатына жеткізілгенін тікелей эфирде көрсетті.