Қорғаныс министрі қара жамылған отбасыларға көңіл айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Маңғыстау облысында Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов оқу-жаттығу барысында оқу-жауынгерлік міндетті орындау кезінде қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына барды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Кездесулер қаралы көңіл-күйде өтті. Министр қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына шынайы әрі терең көңіл айтты. Ол орны толмас қазаға байланысты отбасылардың қайғысына ортақ екенін жеткізді. Министр жақындарынан айырылған отбасылардың қайғысын ешбір сөзбен жеңілдету мүмкін емес екенін атап өтті.

Фото: Қорғаныс министрлігі

— Олар біз үшін жай ғана әскери қызметшілер емес — біздің қаруластарымыз, ұлдарымыз бен бауырларымыз. Олардың қазасы — барша Қарулы күштер үшін орны толмас ауыр қаза. Біз туған-туыстары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, осы қиын кезеңде олармен бірге боламыз, — деді Қорғаныс министрі.

Мейрамбек Бердіханов, Азамат Мәдіхан және Дастан Бегей Жаңаөзен қаласынан, Мирас Тұрдыбекұлы Жетібай ауылынан мерзімді әскери қызметке шақырылған болатын.

Фото: Қорған.ыс министрлігі

Қызмет өткеру барысында олар өздерін жауапты әрі тәртіпті әскери қызметшілер ретінде танытып, әскери борыштарын адал атқарды.

Министр отбасыларды Қорғаныс министрлігі оларды қайғымен жалғыз қалдырмайтынына сендірді. Оларға жан-жақты көмек пен қажетті қолдау көрсетіледі. Ведомство туындаған мәселелерді шешуге жәрдемдесуді жалғастырып, отбасылармен тұрақты байланыста болады.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Қаза болған әскери қызметшілердің есімі туған-туыстары мен жақындарының, қаруластарының және барша Қарулы күштер жеке құрамының жүрегінде мәңгі сақталады. Олардың өмірі мен әскери борышына деген адалдығы ешқашан ұмытылмайды.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.

Қорғаныс министрлігі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің тізімін жариялады.

Әскери қызметшілердің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеліп жатқанын жаздық.

Сонымен қатар, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты.

Әскерилердің қазасынан кейін Ақтауда үш күнге жоспарланған мерекелік шаралар өтпейтіні айтылды.

Бүгін Каспийде екі әскери қызметшіні іздеу операциясына жүздеген адам жұмылдырылғаны хабарланды.

Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қызметіне салғырты қараған бірқатар лауазымды тұлға күдікке ілінді.

Бүгін үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары барысында бұған дейін із-түзсіз жоғалған екі әскери қызметшінің — сержант Мансұр Гумаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денесі табылды.

Қызметке салғырт қарау және корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталды.

Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов кінәлі тұлғалар жауапкершіліктен жалтармайтынын айтты.

Сондай-ақ, қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына жиналған қаражатты арнайы комиссия бөледі.