Қорғаныс министрлігі: Екі матрос әскери қызметін жалғастырып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қорғаныс министрлігі әлеуметтік желілерде мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. туралы таралып жатқан ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

Ведомствоның мәліметінше, әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу барысында жеке құрамның бір бөлігі жағалауда болып, тиісті оқу міндеттерін орындады. 

— Мерзімді әскери қызметтегі матростар Ахметов А.А. мен Мағауия Ә.А. жағалауда оқу міндеттерін орындаған әскери қызметшілер тобының құрамында болды. Қазір аталған әскери қызметшілер әскери бөлімнің орналасқан жерінде және күн тәртібіне сәйкес әскери қызметін атқарып жүр. Азаматтарды тексерілмеген және шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратпауға, сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенуге шақырамыз, — делінген хабарламада.

Еске салайық, 2026 жылғы 24 қыркүйекте Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын хабарлағанбыз. Үш әскери қызметші құтқарылды. Олардың біреуі ауруханаға жатқызылды.

Кейіннен Каспийде қаза болған әскери қызметшілердің саны 12-ге жетіп, екеуі іздестіріліп жатқаны хабарланды.

25 қыркүйекте, сағат 9:15 шамасында үздіксіз жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары нәтижесінде екі сарбаздың денесі судан шығарылды. Осылайша теңіз-әскери күштерінің 14 әскери қызметшісі қаза болды.

Президент Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды тексеретін комиссия құрған еді. Комиссия жүргізілген жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы жеті күн ішінде баяндауға тиіс.

Қызметке салғырт қарады, корабль жүргізу қағидаларын бұзу бойынша ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жоғары және аға командалық құрамындағы жауапты лауазымды тұлғалар ұсталған болатын.

26 қыркүйекте Маңғыстау жұрты қаза тапқан сарбаздарды соңғы сапарға шығарып салды.

Президент Дәурен Қосановты Қорғаныс министрі лауазымынан босатты. Оның орнына Айдос Мырзахметов Қорғаныс министрі болып тағайындалды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қаза тапқан әскери қызметшілерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Бұдан бөлек, әскери оқу-жаттығу кезінде аман қалған бір топ әскери қызметшіге «Ерлігі үшін» медалі табысталды.