«Қорықтым»: куәгер Нұрбекова неліктен полицияға хабарласпағанын айтты

Фото: Фото: Жоғарғы сот

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сот отырысында қазір куәгер Эльмира Нұрбекова жауап беріп жатыр. Жәбірленуші тараптың адвокаты Э.Нұрбековадан оқиғадан кейін неліктен қылмыс туралы хабарламағанын сұрады.

- Мен білмедім ғой. Ештеңе істей алмадым. Сол сәтте мен өзім қорқып тұрдым, – деді куәгер.

Сот отырысы барысында прокурор оқиғадан кейін «777» дүкеніне кірген кезде неліктен заң өкілдеріне хабарласпағанын куәгерден тағы сұрады.

- Сол сәтте мен қорықтым. Данамен Талғарға жеткеннен кейін бірден полицияға барып, айтамыз деп ойладым, – деді Эльмира Нұрбекова.

Бұған дейін сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.

Сондай-ақ Қаржаубай Нұрымов Шерзаттың қашан жан тапсырғанын айтты.

Шерзаттың анасы Гүлбара Бейшембиева да қайғылы оқиға қалай болғанын еске алды.

Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады. 

Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік. 

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады. 

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды. 

Биыл ақпан айында Шерзат ісіне қатысты қылмысты тергеу аяқталды. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, шамамен 200 куәгерден жауап алынған.