ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, 1968 және 1966 жылы туған ерлі-зайыптылар Қосшы қаласының Тайтөбе ауылының маңында шатыр құрған. Көңілді демалыс көпке созылмады. Нұра өзені арнасынан асып, жайылған су жұбайлардың зәресін алды. Құрғақ жер деп таңдалған отырыс орны әп-сәтте шағын көлге айналып шыға келген.
Көмек сұраған жұбайларды Ақмола облысының құтқарушылары жедел жетіп құтқарып алды. Ерлі-зайыптылар Қосшы қаласындағы туыстарының үйіне жеткізілді.
Естеріңізге салсақ, биыл Қосшы қаласына жауын-шашын мөлшері өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп түсті. Ол аздай, өткен күз жаңбырлы болды. Ал 20 наурыздан бастап күннің күрт жылып, қардың еруіне байланысты бірқатар үйге қарғын су қауіп төндіріп, су тасқынының алдын алу бойынша құрылған жедел штаб тәулік бойы жұмыс режиміне көшті.
Ақмола облысына қарасты Қосшы қаласы, Тайтөбе ауылының іргесін су басып қалды. Нұра өзенінің арнасынан асқан су ауыл іргесінен жөңкіле ағып жатқанын жазған болатынбыз.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында Астана іргесіндегі үш елді мекенге Нұра өзенінен тасқын қаупі төніп тұрғанын баяндаған болатын.