Қостанайлықтарға жылу үшін 25 млн теңгеден аса қаражат қайтарылады

АСТАНА. KAZINFORM — Есептегіш құралдары жоқ және жылу ақысын норматив бойынша төлейтін Қостанай облысының тұрғындарына өткен жылыту маусымы үшін қайта есептеу жүргізіледі. Қайтарылатын қаражаттың жалпы сомасы — 25,7 млн теңге(ҚҚС-пен қоса), деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Коллаж: Kazinform/ Canva

Қостанай облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаменті 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымы қорытындысы бойынша жылумен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысына талдау жүргізді.

Тексеру жылу энергиясын есепке алу құралдары жоқ тұрмыстық тұтынушыларға қатысты болды. Мұндай тұрғындарға төлем белгіленген нормативтер бойынша есептеледі.

Талдау нәтижесінде өткен жылыту маусымындағы нақты ауа райы жағдайларын ескере отырып, тұтынушыларға төленген қаражаттың бір бөлігін қайтару қажет екені анықталды. Қайта есептеу сомасы ҚҚС-сыз 22,7 млн теңгені құрайды.

Жылумен жабдықтаушы ұйымдар қайта есептеуді 20 шілдеге дейін жүргізуі тиіс. Қайтарылатын сома түбіртектерде 2025–2026 жылғы жылыту маусымы үшін қайта есептеу ретінде жеке жолмен көрсетіледі.

Ең көп қаражат облыс орталығы тұрғындарына — 13,3 млн теңге, Рудный қаласына — 3,2 млн теңге және Жітіқараға — 4,5 млн теңге көлемінде қайтарылады.

Департаментте қайта есептеу тек жылыту ақысын норматив бойынша төлейтін тұтынушыларға ғана қатысты екенін еске салды.

Бұған дейін Энергетика министрлігі жылыту маусымының қорытындысын шығарғанын жазғанбыз.

Сонымен қатар бүгін Үкімет СҚО-дағы жылу магистралі құрылысына 650 млн теңгеге жуық қаржы бөлгені белгілі болды.